Маңғыстау облысының тұрақтандыру қорында 572 тонна азық-түлік бар

АҚТАУ. KAZINFORM – Тұрақтандыру қорындағы азық-түлік Ақтау қаласындағы өндірістік-логистикалық орталықтың арнайы қоймаларында сақталған.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Атап айтқанда, қорда 452 тонна 200 келі қант, 70 тонна күріш, 40 мың литр екі түрлі сұйық май, 64 тонна тұз, 25 тоннадай қарақұмық, 45 тонна макарон бар. 

Қордағы азық-түліктің жалпы құны — 244 миллион 300 мың теңге. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорындағы тауарларды сауда орындарына сату бағасы бекітілген. Мәселен, қанттың келісі — 350 теңге, күріш — 350 теңге, сұйық май («шедевр») — 660 теңге, сұйық май («олейна») — 560 теңге, Арал тұзы — 65 теңге, қарақұмық — 180 теңге, макарон — 260 теңге. 

Мамандардың айтуынша, бұл тауарлар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға өсімі болған жағдайда, сауда орындарына жоғарыда көрсетілген бағада өткізіледі. Ары қарай сауда орындары да бекітілген бағада сатады. Мысалы, қанттың бекітілген сату бағасы — 380 теңге, күріш — 385 теңге, сұйық май («шедевр») — 720 теңге, Арал тұзы — 70 теңге, қарақұмық — 198 теңге, макарон — 285 теңге. 

— Тұрақтандыру корында ұзақ мерзімді сақтауға болатын тауарларды сақтаймыз. Қалған көкеністерді, жұмыртқа, тауық еті сияқты азық-түлікті айналым механизмі бойынша кәсіпкерлерге қажет кезде ғана сатып аламыз. Қордағы тауарлар шамамен жыл соңына дейін жетеді. Азайып жатса, қосымша алдырамыз, — дейді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасынан. 

Бұған дейін Ақтауда тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін ірі сауда желісіне айыппұл салынғаны туралы жазған болатынбыз.