19 қарашада әлеуметтік желілерде Маңғыстау облыстық полиция департаментінің басшысы мен оның орынбасарлары «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген ұжымдық арыз тарады. Хатта бірқатар басшыға бюджет қаржысын жымқыру, жалған құжаттарға қол қойғызу, тендерлерді өз адамдарына алып беру сияқты ауыр айыптар тағылған. Арыз авторлары кешенді тексеру жүргізуді сұраған.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты толықтай жоққа шығарды.
- Тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл – фейк. Жалған мәлімет тарату ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сай қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, полиция департаменті жалған ақпарат ел арасында дүрбелең туғызатынын, ал мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке зиян тигізетінін ескертті. Бұған дейін Ақтауда жанармай құю бекетін тонаған күдікті ұсталған болатын.