52 млн тонна уран қалдығы жатқан Қошқар ата қоймасының жағдайы не болады

Фото: Ақжүніс Иманбаева

АҚТАУ. KAZINFORM — Қошқар ата радиациялық қалдық қоймасы — Маңғыстаудың басты экологиялық проблемасы. Ол Ақтау қаласынан 3-4 шақырым жерде, Мұнайлы ауданының аумағында орналасқан. Яғни, айналасында 400 мыңға жуық халық тұрады.

Улы көлдің аумағы — 77 шаршы шақырымды құрайды. Мұнда белсенділігі жоғары радиоактивтік қалдықтар жиналған. Нақтырақ айтсақ, Каспий маңы тау-кен комбинатының, Химиялық-гидрометаллургиялық зауытының, Күкірт қышқылы зауытының және азот-тук зауытының — 150 миллион тонна қалдығы жатыр. Оның ішінде уран рудасының қалдықтары - 51,8 млн тонна.

Ұзақ жылдар құзырлы мемлекеттік органда басшылық қызметте болған ардагер эколог Орынбасар Тоғжановтың айтуынша, Қошқар ата көліндегі қалдықтардың құрамында нитраттар, нитриттер, аммоний, темір, фосфаттар, фтор, стронций, цинк, мыс, хром, молибден, марганец, қорғасын, уран, радий, торий және басқалар бар.

Сонымен қатар, пириттік күйдіргілермен ластанған учаскелер бар. Пиритті күйдіргі — күкірт колчеданын қайта өңдегеннен (күйдіргеннен) кейін қалған қара-қоңыр түсті аумақ. Ол желмен өте алыс қашықтыққа тарайды. Адамға тері мен өкпе арқылы кіріп, денсаулығына зиянын тигізеді.

Фото: Ақжүніс Иманбаева

— 2003-2007 жылдары Ұлттық Ядролық орталықтың Ядролық физика институты «Экосервис» ЖШС мен «Волковгеология» АҚ қалдық қоймасындағы радиоактивтік және уытты қалдықтарды зерттеп, залалсыздандыруды ұсынды. Ал, 2012-2016 жылдары зерттеу жұмыстарын жүргізген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары топырақта, өсімдіктер мен үй жануарларының жүндерінде ауыр металдар мен радионуклидтер жинақталғанын анықтады. Санитарлық қорғау аймақтарындағы кеміргіштердің ДНК-лары мен хромосомдарында ауытқушылық байқалды. Жергілікті тұрғындардың ДНК-лары мен хромосомдарын Алматы облысының халқымен салыстарғанда да айырмашылық байқалды. Сондықтан ғалымдар тездетіп залалсыздандыруды ұсынды, — дейді Орынбасар Тоғжанов.

Ардагер эколог 2007-2009 жылдары Қошқар ата көлінің екі радиациялық қауіпті учаскесінде жұмыстар жүргізілгенін айтады.

Оған републикалық бюджеттен 394,26 миллион теңге жұмсалып, аумағы 65 гектар жоғары радиациялық фоны бар тоғыз учаске залалсыздандырылған. 

Оның ішінде 20,3 гектар өте қауіпті аумақ темірбетонды саркофагпен жабылды. Бірақ, кеуіп, шаңытып жатқан 4000 гектардан астам жер қалып қойған.

— 2017 жылы жалпы аумағы 4279 гектар болатын Қошқар ата қалдық қоймасын залалсыздандыру» жобалық сметалық құжаты дайындалған болатын. Сол кезде жобаны жүзеге асыруға 17518,159 миллион тенге қажет еді. Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тендер жариялап, жеңімпаз да анықталды. Алайда, бюджеттегі қаржы тапшылығы, бірнеше рет болған сот процесі, кейбір құзыретті органдардың заңсыз араласып кідіртуі, теңгенің қайта-қайта құнсыздануы сияқты себептер соңғы 8 жылда жобаны жүзеге асыруға кедергі болды. Бірақ, сол жерлерді тез жабу керек. Әйтпесе, бұл халыққа жасалған қастандық болады, — дейді ардагер эколог.

Фото: Ақжүніс Иманбаева

Жалпы, радиациялық көлді толық құрғап кетуден сақтау үшін, Ақтау қаласынан кәрізден шыққан ағынды су толықтай Қошқар ата ойпатына құйылып жатыр.

Сонымен қатар, 2014 жылдан бастап кеуіп кеткен жерлерден шаң арқылы уытты қалдықтардың жан-жаққа тарауын азайту үшін, қалдық қоймасының санитарлық қорғау аймағы шекарасын бойлай сексеуіл егіліп, жасыл қорғаныш белдеуі жасалып келеді.

Маңғыстау эксперименталды ботаникалық бағының бас директоры Ақжүніс Иманбаеваның айтуынша, бүгінде 124 гектар аумаққа сексеуіл егілген. Қазір тағы 30 гектар жерді қоршау жұмыстары жүріп жатыр.

— Қоршауды аяқтап қалдық. Сосын ішін тегістеу басталады. Содан кейін жерді жыртып, күзгі егу жұмыстарына дайындаймыз. Қараша айында ол жерлерге 75 мың сексеуіл отырғызамыз. Бұған дейін, 80 гектар жерге егілген 250 мыңнан астам сексеуілдің 85 пайызы өсіп шықты. Биыл 400 гектар жерге жасыл-желек егудің жобалық сметалық құжаты жасақталуы тиіс. Оның аясында 1 миллион сексеуіл егіледі, — дейді ғалым.

Фото: Ақжүніс Иманбаева

Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Хайдар Тулеушовтің сөзінше, радиациялық көлді биологиялық рекультивациялау жобасын әзірлеу жұмыстары басталған.

Оны мердігер «Платинум Изыск» ЖШС-гі жүзеге асырып жатыр. Жоба дайын болғаннан кейін, көшеттер егу, суару, қоршау жұмыстары жалғасады.

— Бүгінде Қошқар ата қалдық қоймасының рекультивация жұмыстарының экологиялық тиімділігі мен мемлекет қаражатының мақсатты жұмсалуы қоғамды алаңдатады. Осыған байланысты ҚР Үкіметі қосымша ғылыми зерттеулермен жобаға қайта ревизия жүргізуді тапсырды. Былтыр маусым-тамыз айлары аралығында экология, энергетика, денсаулық сақтау министрлігінің мамандары Қошқар ата қалдық қоймасының аумағындағы атмосфералық ауаның, радиациялық фонның сапасы мен қауіпсіздігіне мониторинг жүргізді. Онда шекті рұқсат етілген шоғырланудан асып кету анықталған жоқ. Сондықтан, биологиялық рекультивациялау жобасын әзірлеу тапсырылды, яғни бүкіл периметр бойынша қалдық қоймасын көгалдандыру жұмыстары жалғасады, — дейді Хайдар Тулеушов.

2021 жылы Қошқар ата көлінде бұған дейін жасақталған жоба бойынша 4279 га жерді 30 см биіктікте топырақты тығыздау арқылы көму жұмыстары басталған болатын. Жоспарға сәйкес, 905 гектар жерді қайта қалпына келтіру көзделгенмен, тек 253 гектар жерге топырақ төселген.

Фото: Ақжүніс Иманбаева

— Өйткені, мердігер инфляция нәтижесінде қайта қалпына келтіру жұмыстары 10 пайыз қымбаттағанын және жобада тығыздалған топырақты сатып алу қарастырылмағанын айтып, жоба құнын ұлғайтуды сұрап, ұсыныс енгізген. Жоба қайта қаралып, 2023 жылы мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алды. Бірақ қазір Үкімет қосымша ғылыми зерттеулермен жобаға қайта ревизия жүргізуді тапсырған соң, жұмыстар тоқтап тұр, — дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Хайдар Тулеушов.

Тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақ 30 жыл ішінде залалсыздандырылмаған Қошқар ата улы көлінің мәселесі енді шешіледі дегенге сенбейді.

Ол осы кезге дейін бөлінген қаражаттың қайда жұмсалғанын тексеруді сұрайды.

— 30 жылдан бері неге шеше алмай келеді? Жылда демей-ақ қояйын, 2-3 жылда бюджеттен қыруар қаражат бөлінеді. Осы кезге дейін бөлінген қаржы қайда кетіп жатыр? Қаражаттың мақсатты жұмсалуын тексерді ме? Жауаптылардан нәтиже неге талап етілмейді? Кінәлілер жазаланды ма? Мені осы сұрақтар мазалайды, — дейді ол.

Бұған дейін, Қошқар ата көлін қалпына келтіруге бөлінген қаражат бюджетке неге қайтарылғаны туралы жазған болатынбыз.