Маңғыстауда аммиак-карбамид кешенін салу жұмыстары пысықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысында аммиак-карбамид кешенін салу бойынша стратегиялық инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Фото: primeminister.kz

Кеңеске Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің, «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның өкілдері және «KazAzot PRIME» ЖШС басшылығы қатысты.

Аммиак-карбамид кешені жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан 17 ірі инвестициялық жобаның тізбесіне кіретіні, сондай-ақ газ-химия саласын дамыту, елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайту және табиғи газды терең өңдеу деңгейін арттыру үшін стратегиялық маңызға ие екені атап өтілді.

«KazAzot PRIME» ЖШС басшысы Арман Мәулешев жобаның іске асырылу барысы, жүргізіліп жатқан жұмыстар және кешен құрылысының таяудағы кезеңдері туралы хабардар етті.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары ішкі нарықты отандық минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жобаның маңыздылығын атап өтіп, оны іске асырудың бекітілген кестесін қатаң сақтау қажеттігін баса айтты.

Кеңестің қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға және мүдделі ұйымдарға туындайтын мәселелерді жедел шешуге және стратегиялық инвестициялық жобаның уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған тиісті тапсырмалар берілді.

Айта кетелік Үкіметте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері талқыланған еді.