24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің баяндауынша, Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және 465-бабы – «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Қазір бірқатар тергеу және жедел-іздестіру іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Жұмысқа тиісті мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалды.
Қанат Бозымбаев болған оқиғаның барлық мән-жайын қысқа мерзімде толық анықтап, қайғылы жағдайға кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Отырыста қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету мәселесіне ерекше назар аударылды. Премьер-Министрдің орынбасары мемлекет тарапынан оларға қажетті әлеуметтік және материалдық қолдау көрсетілетінін атап өтті.
– Заңда көзделген материалдық көмектен бөлек, көмек көрсеткісі келетін азаматтардан көптеген өтініш түсіп жатыр. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсететіндерін мәлімдеді. Олардың біреуі қаза болған әр әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден бөлді. Сондай-ақ бірқатар ірі бизнес өкілдері де материалдық көмек көрсетуге ниет білдірді, – деді Қанат Бозымбаев.
Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп, қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына бағытталған барлық қаражаттың бөлінуінің ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз етуді тапсырды. Көмек нақты адресаттарға толық көлемде көрсетілуге тиіс.
Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың мәліметінше, оқиғадан кейін медициналық мекемеге жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақты. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Отырысқа Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің вице-министрлері, ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары, Бас әскери прокурор және Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, баяндама жасады.
Үкіметтік комиссияның жұмысы жалғасып жатыр.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.
Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.
Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.
Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.