Олардың 20-30-ы стационарға жатқызылады.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың басым бөлігінде дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, бас ауруы, мұрынның бітелуі мен құрғақ жөтел байқалады. Кейбір балалардың қызуы дәріге қарамастан бірнеше сағат бойы сақталады. Науқастар санының артуына байланысты қабылдау бөлімінде екі дәрігер кезекшілікпен жұмыс істеп жатыр.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының мәліметінше, қазір инфекциялық бөлімде 136 бала емделуде. Оның 20-ға жуығына қызылша диагнозы қойылған. Тағы 25 бала ішек инфекциясына қарсы ем алуда. Қалғандары пневмония және тұмау сияқты тыныс жолдарының ауруларымен түскен.
— Орташа ауыр, ауыр жағдайда келген балаларды біз ауруханаға жатқызып жатырмыз. ЖРВИ маусымымен бірге қызылша вирусының да өршуі байқалады. Оның бірден бір себебі, бізге қаралымға келіп жатырған балалар көп. Солардың арасында 1-2 бала қызылшамен келеді. Балалардың басым бөлігінде қызылшаға қарсы прививкалары жоқ. Көбіне осы тұмау вирусы да тіркеліп жатыр, — дейді облыстық көпбейінді балалар ауруханасы инфекциялық бөлімінің қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Жансая Сәрсенбаева.
Мамандардың мәліметінше, науқастар санының көбеюіне байланысты стационарда қосымша резервтік төсек-орындар әзірленген.
Балалардың бірі ауруханаға қызылша диагнозымен түскен. Анасының айтуынша, қызының қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлағаннан кейін медициналық көмекке жүгінген.
— 6 күн бұрын ауруханаға түстік. Қызымның қызуы түспей ауырып келгенбіз. Сол уақытта қызылша деген диагноз қойылды. Ауруханаға келген күннен бастап жағдайы жақсы десек болды. 1 жасында салатын вакцинаға үлгермей қалдық, — дейді ата-аналардың бірі Айгерім Мақсатқызы.
Дәрігерлер балалардың денсаулығына мұқият назар аударып, аурудың алғашқы белгілері байқалғанда медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Жіті респираторлық вирустық инфекцияның белгілері бар балаларды алдымен тұрғылықты жері бойынша емхананың сүзгі кабинетіне апару қажет. Олар кешкі сағат 19:00–ге дейін жұмыс істейді. Ал осы уақыттан кейін дене қызуы көтерілсе немесе дәрігердің жолдамасы болса, инфекциялық стационарға жүгінуге болады.
Бұған дейін, Астанада ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын жазған болатынбыз.