Маңғыстауда ер адам кәуапқа қақалып, көз жұмды

АҚТАУ. KAZINFORM — Қайғылы оқиға 10 мамыр күні мектеп ұжымының табиғат аясындағы демалысы кезінде болған. Ер адам кәуапқа қақалып, әріптестерінің көз алдында көз жұмған. Полиция бұл дерек бойынша жан-жақты тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Фото: pexels.com

Ақтау қаласындағы мектептердің бірінің қызметкерлері Маңғыстау ауданындағы Жармыш ауылы маңында орналасқан Аралбай сарқырамасына демалуға барған. Табиғат аясындағы дастархан барысында 56 жастағы ер адам кәуап сүйегіне қақалып, оқиға орнында қайтыс болған.

Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша тексеру жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

- Тергеушілер жазатайым оқиғаның барлық мән-жайы мен себебін анықтап жатыр. Құқық қорғау органдары азаматтарды табиғат аясындағы демалыс кезінде барынша сақ болуға шақырады, - делінген хабарламада.

Бұған дейін, Маңғыстауда табиғи нысанды бүлдірген тұрғын 25 тәулікке қамалған болатын.