Маңғыстауда есірткі өсіруге арналған зертхана анықталды

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында есірткі өсіруге қатысты дерек анықталды.

Фото: Маңғыстау облыстық полиция департаменті

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылғы 28 сәуірде Мұнайлы ауданындағы елді мекендердің бірінде орналасқан жеке тұрғын үйге тексеру жүргізу кезінде екі азамат ұсталған. Олар аулада есірткі затына ұқсас өсімдіктерді жою әрекеті кезінде қолға түскен.

Фото: Маңғыстау облыстық полиция департаменті

- Тексеру барысында жедел-тергеу тобы аталған мекенжайға тінту жүргізіп, аулада орналасқан шаруашылық құрылысының ішінен есірткі өсіруге арналған арнайы жабдықталған зертхананы анықтаған. Оқиға орнынан фитолампалар, су сүзгілері, сұйық тыңайтқыштар, электр генераторлары және қарасора өсімдігі табылып, тәркіленді, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар тағы бір шаруашылық құрылысынан фольгаға оралған марихуанаға ұқсас 15 түйіншек, электронды таразы, есірткіні қолдануға арналған құралдар мен ноутбук табылған. Үй аумағынан қосымша өсірілген өсімдіктер де анықталды.

Фото: Маңғыстау облыстық полиция департаменті

- Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың жалпы салмағы 30 келі 840 грамм марихуана екені белгілі болды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі және 300-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада.

Бұған дейін, Ақтау теңіз портының бұрынғы басшысы сот залынан бостандыққа шыққаны туралы жазған едік.