Ақтау теңіз портының бұрынғы басшысы сот залынан бостандыққа шықты

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау теңіз портының бұрынғы басшысы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша үкім шыққаннан кейін бостандыққа шықты. Сот жаза тағайындады, бірақ СИЗО-да отырған уақытын «бір күн - екі күн» формуласы бойынша есепке алды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі растады.

Абай Түрікпенбаев
Фото: Ақтау портының баспасөз қызметі

Сот порттың бұрынғы президенті Абай Түрікпенбаевты және тағы үш фигурантты кінәлі деп таныды. Абай Түрікпенбаев 2 жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ тергеу изоляторында (СИЗО) өткізген уақыты есепке алынғандықтан босатылды. Ал Ахмад Мұстафин 4,5 жылға сотталды, тағы екі фигурант та бостандығын шектеу жазасын алды. Сонымен қатар барлығына мемлекеттік секторда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.

Сот талап-арызды қанағаттандырып, Мұстафинді портқа 2 млрд теңгеден астам шығынды өтеуге міндеттеді, ал қалған фигуранттар мемлекет пен кәсіпорын пайдасына ортақ тәртіпте төлем жасауға міндеттелді.

Айта кетейік, Абай Түрікпенбаев Ақтау теңіз портын 2017 жылдан бері басқарды. Оған қатысты қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Ақтау теңіз портының экс-басшысына прокурор 8 жыл жаза сұраған болатын.