Маңғыстауда итбалықтардың өлексесінің саны жүзден асты

Фото: Маңғыстау облыстық экология департаменті

АҚТАУ. KAZINFORM – Аймақта итбалықтардың жаппай қырылуы қайта басталды. Кеше 3 қарашада Маңғыстау облыстық экология департаментінің мамандары балық инспекциясы басқармасымен бірлесіп, Түпқараған ауданындағы жағалаудан 112 Каспий итбалығынның өлексесін тапты.

Экологтардың хабарлауынша, мамандар Түпқараған ауданы Форт-Шевченко, Баутино елді мекендерінің теңіз жағалауынан су сынамаларын алу жұмыстарын жүргізген. 

- Сонымен қатар, облыстық балық инспекциясы басқармасымен бірлесіп, Асан елді мекенінен Баутино мүйісіне дейінгі Түпқараған ауданының жағалау сызығын мониторингтеу барысында, Каспий итбалығының 112 өлексесі анықталды.

Оның ішінде, Асан елді мекенінен Форт-Шевченко қаласының жағажайына дейін – 39, Форт-Шевченко қаласының жағажайынан Баутино мүйісіне дейін 73 өлексе анықталды, - делінген хабарламада.

Бұған дейін, Маңғыстауда тағы да итбалық қырылып жатқанын жазған болатынбыз.