Маңғыстауда Каспий итбалығын сақтау жөніндегі әлеуметтік зерттеудің қорытындысы жарияланды

АҚТАУ. KAZINFORM — Каспий итбалығын сақтау үшін бес елге ортақ мониторинг жүргізу, теңіздегі мұнай-газ ұңғымаларының жай-күйін тексеру және өлген жануарлар табылған жағдайда жедел әрекет ету жүйесін құру ұсынылды. Маңғыстау тұрғындары арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде итбалықтарды қорғауға бағытталған 21 ұсыным әзірленді. Зерттеу қорытындысын Kazinform тілшісіне ECO-SOCIAL қоғамдық бірлестігінің басқарма төрайымы Бақытгүл Жақсылықова айтып берді.

Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Оның сөзінше, зерттеудің негізгі мақсаты — Каспий итбалығын қорғау мәселесіне жергілікті тұрғындардың көзқарасын зерделеп, олардың ұсыныстарын жинақтау. Сауалнама мен пікір алмасуға жағалаудағы ауыл тұрғындары, балықшылар, балалар мен жастар, студенттер, волонтерлер, қоғам белсенділері, ғалымдар мен тәуелсіз сарапшылар қатысқан.

Зерттеу нәтижесінде ұсыныстар мемлекетаралық, ұлттық және өңірлік деңгейлерге бөлінді. Соның ішінде Каспий маңы бес елінің итбалықтарды сақтау бойынша ортақ бағдарламасын әзірлеу, жануарларды бірыңғай әдіспен есепке алу және маусымдық мониторинг нәтижелерін өзара салыстыру қажеттігі айтылған.

— Итбалықтардың санын әр мемлекет әртүрлі әдіспен есептесе, нақты жағдайды салыстырып, популяциядағы өзгерістерді бағалау қиын. Сондықтан ортақ есеп жүргізу тәсілін келісіп, бақылау мерзімдерін алдын ала белгілеп, зерттеу нәтижелерін біріктіру ұсынылды. Сонымен қатар жаппай қырылу немесе теңіздің ластануы сияқты қауіптер туралы ақпаратты Каспий маңы елдері арасында жедел жеткізу жүйесін қалыптастыру қажет, — дейді Бақытгүл Жақсылықова.

Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Қазақстан деңгейінде әзірленген ұсынымдар итбалықтардың өлексесін зерттеу, теңіздің экологиялық жағдайын бақылау және олардың мекендеу ортасын қорғауға бағытталған. Атап айтқанда, өлген жануар табылған кезде оның орнын тіркеу, сынама алу, зертханаға жеткізу және өлім себебін анықтау тәртібін бекіту ұсынылған. Бұл ретте зерттеу қорытындысында нақты анықталған себептер мен болжамдарды бөлек көрсету қажеттігі айтылған.

Сондай-ақ Каспий қайраңындағы мұнай-газ ұңғымаларын түгендеп, олардың техникалық жай-күйін тексеру ұсынылды. Итбалықтардың көбею және шоғырлану орындарын картаға түсіріп, «Каспий итбалығы» резерватының шекарасымен салыстыру, қажет болса, оны өзгертуге ғылыми негіздеме әзірлеу де ұсынылған.

Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Өңірлік деңгейде жағалаудағы қалалар мен аудандарда арнайы үйлестірушілер тағайындау ұсынылған. Олар тұрғындар мен балықшылардан түскен хабарламаларды қабылдап, жауапты мамандарға жолдап, тексеру нәтижесін хабарлауы керек. Бұл итбалық табылған немесе ластану белгілері байқалған жағдайда ақпараттың назардан тыс қалмауына мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, жергілікті ерікті бақылаушыларды оқыту, жағалауды тұрақты тексеру кестесін жасау, тұрғындарға тексеру нәтижелері туралы хабарлау және мектептерде экологиялық түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылған.

— Каспий теңізінің табиғи жағдайын, жағалау аймақтарындағы өзгерістерді және итбалықтардың тіршілігіне әсер ететін факторларды күнделікті бақылап отырған — осы өңірдің тұрғындары. Олардың жеке байқаулары мен өмірлік тәжірибесі табиғатты қорғау шараларын жоспарлау кезінде ескерілуге тиіс. Біз зерттеу арқылы жергілікті қоғамдастықтардың үнін естіп, олардың ұсыныстарына назар аударуды мақсат еттік, — дейді бірлестік төрайымы.

Зерттеу авторлары Каспий итбалығын сақтау тек экологиялық мәселе емес, әлеуметтік, мәдени және экономикалық маңызы бар кешенді міндет екенін атап өтді. Жинақталған ұсынымдар алдағы өңірлік экологиялық жоспарлар мен іс-қимыл бағдарламаларын әзірлеу кезінде қарастыруға ұсынылған.

Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Айта кетейік, әлеуметтік зерттеу Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасы мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының тапсырысы бойынша мемлекеттік грант аясында жүзеге асырылған. Жобаны «ECO-SOCIAL» қоғамдық бірлестігі қолға алған.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде Қазақстанның сирек кездесетін жануарларды сақтау мен көбейту жолындағы күш-жігеріне тоқталды.

Президенттің сөзінше, Каспий итбалығының жойылу қаупі ерекше алаңдатады. Соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған.

Ал оның алдында Маңғыстауда итбалықтар мен бекіре тұқымдас балықтардың өлексесі табылғанын жазған едік.