Маңғыстауда коммуналдық инфрақұрылымды қысқа дайындау жұмыстары әлі аяқталмаған

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстауда коммуналдық инфрақұрылымды қысқы кезеңге дайындау жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Өңірде жылу және электр желілерін жөндеу әлі жалғасып жатыр. Бұл мақсатқа 55 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл туралы Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.

Фото: Табиғи монополияларды реттеу комитеті

Өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала нысандарының жылыту маусымына дайындығы толық аяқталған. Қазір 321 білім беру, 105 денсаулық сақтау және 115 әлеуметтік сала нысаны қысқы кезеңге дайын. Тұрғын үй қорының дайындығы 97%.

Алдағы жылыту маусымында негізгі жүктеме Ақтаудың энергетикалық инфрақұрылымына түседі. «МАЭК» ЖШС-нің №1 және №2 жылу электр орталықтарындағы үш турбина мен төрт қазандық агрегатын күрделі жөндеуге 2 млрд теңге бағытталған. Қазір үш қазандық агрегатындағы жөндеу жұмыстары аяқталған. Тағы бір қазандық агрегаты мен екі турбинада жұмыстар жалғасып жатыр. Бір турбинаның жөндеуі аяқталуға жақын.

Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығы

Сонымен қатар өңірдегі электр және жылу желілерін жаңартуға 538 млн теңге бағытталды. Ал жылу желілерін жөндеу жұмыстары жоспардан қалып келеді. Биыл 11,4 шақырым желіні жөндеу жоспарланса, оның 7,2 шақырымы немесе 64%-ы ғана аяқталған.

2026 жылға арналған Ұлттық жоба аясында өңірде жалпы құны 45,3 млрд теңге болатын бес жобаны іске асыру жоспарланған. Соның ішінде Ақтаудың 4 және 5-шағынаудандарындағы 28,3 шақырым жылу желісін реконструкциялауға 26 млрд теңге қарастырылған.

Маңғыстауда төтенше жағдайларға арналған отын қоры жасақталған. Өңір толық газдандырылғандықтан, көмірге қажеттілік жоқ. Энергия көздерінде норматив бойынша 25 мың тонна болуы тиіс мазуттың авариялық қоры 26 мың тоннаға жеткізілген.

Осылайша, әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы толық аяқталғанымен, өңірдің негізгі коммуналдық инфрақұрылымындағы жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Бұған дейін Маңғыстауда туризмді дамытуға бөлінген 117 млн теңгені жымқырған кәсіпкер сотталды.