Алматы облысы Іле ауданының экс-әкімі Бағдат Қарасаевқа қатысты сот үкімі шықты

Фото: Бағдат Қарасаевтың Instagram-дағы парақшасынан

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаев 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.

Бұл туралы Алматы облыстық сотының Kazinform агенттігі ресми сауалына берген жауабында айтылған.

Іле аудандық соты Бағдат Қарасаевқа және басқа да қатысушыларға қатысты қылмыстық істі қараған.

Сот Қарасаевты лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, жеке шаруашылық серіктестігіне жер учаскесін заңсыз бергенін, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын басқару кезінде аталған кәсіпорынға қамқорлық көрсеткенін, сондай-ақ заңсыз түрде кәсіпкерлік қызметпен айналысқанын анықтады.

Сот үкімі бойынша:

• Қ. 361-баптың 3-бөлігі және 364-баптың 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды және мемлекеттік қызметтерде жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салынды;

• Б. 361-баптың 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бостандықты шектеу жазасы берілді және мемлекеттік құрылымдарда қызмет етуге өмір бойы тыйым салынды;

• Д. 195-баптың 4-тармағы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бостандықты шектеу жазасы кесілді және 3 жыл бойы мемлекеттік мүлікті сеніп басқару қызметімен айналысуға тыйым салынды;

• М. ақталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Бағдат Қарасаев Іле ауданының әкімі лауазымын 2018 жылғы қыркүйектен бастап атқарған. Оны Антикор қызметкерлері 2024 жылғы қыркүйекте сыбайлас жемқорлық күдігімен ұстаған.

Кейінірек Антикор Іле ауданының бұрынғы әкіміне қаржы жымқырумен қоса, лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды деген айып тақты.

Оған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының рұқсатынсыз аффилиирленген компанияға қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын сенімгерлік басқаруға берді деген айып тағылды.

Қылмыстық әрекетке аудандық қаржы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары да тартылған. Компанияның қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату бойынша шартта көзделген міндеттемелері орындалмаған, ал оның қызметінен түскен табысты әкім жеке өзіне пайдаланған. Өңір экологиясына бұл әрекеттердің салдарынан 204 млн теңге көлемінде залал келген.

Ал 2025 жылғы маусымда Бағдат Қарасаевқа қатысты сот отырысы басталғанын жазғанбыз.