Маңғыстауда мектеп асханаларынан өрескел заң бұзушылықтар анықталды
АҚТАУ. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша, Маңғыстау облысындағы мектеп асханаларына ауқымды тексеру жүргізген. Соның нәтижесінде, арнайы комиссия 66 асхананың 65-де санитарлық нормалардың мүлде сақталмағанын анықтады.
— Тексеру қорытындысына сәйкес, 57 нысанға жалпы сомасы — 18 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, 60 ұйғарым берілді. Оған қоса, 62 қызметкер жұмыстан шеттетілді. Ал, бір материал сотқа жіберілді, — делінген хабарламада.
Еске салайық, былтыр 6 қыркүйекте Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы нөмірі 8 мектептің асханасында астан улану дерегі тіркелді. Бас-аяғы 460 оқушы ауырып, ауруханаға жатқызылды. Құзырлы органдар тексеру нәтижесінде мектеп асханасынан ішек бактерияларын анықтады. 12 қызметкерден стафилококк бактериясы табылды. Ыдыс жуушы әйел дизентерияны тасымалдаушы болып шықты.
Бұған дейін, Маңғыстауда жүздеген бала уланып, мектеп асханасы жабылғаны туралы жазған болатынбыз.
Маңғыстауда 460 оқушы уланған мектеп асханасының меңгерушісіне сот үкімі шықты.