Маңғыстауда мұнай компаниясының қызметкерін автобус қағып, қаза болды

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысында мұнай өндіруші компанияның қызметкері автобус астына түсіп, қаза тапты. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Автобус арнайы тұраққа қойылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: Видеодан скрин

Қайғылы оқиғаның видеосы жергілікті әлеуметтік желілерде тарады.

Жазбадағы мәліметке сәйкес, вахталық автобус дөңгелегінің астында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкері қаза тапқан. Компания бұл оқиғаның болғанын растады.

Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 6 қарашада Ақтау — Қаламқас автожолында болған.

— «DAEWOO» маркалы автобустың жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған жарақаттарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автобус арнайы тұраққа қойылды, — деп хабарлады ведомство.

Полиция қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Текеліде экскаватор 11 жастағы қызды қағып, ол оқиға орнында қаза тапқан болатын.