Текелі қаласында экскаватор 11 жастағы қызды қағып өлтірді

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысы Текелі қаласында жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатқан 11 жастағы қызды экскаватор қағып, оқушы оқиға орнында қаза тапты. Қазір жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Экскаватор насмерть сбил 11-летнюю девочку в Текели
Фото: Видеодан скрин

Алдын ала мәлімет бойынша, Volvo маркалы доңғалақты экскаватордың жүргізушісі қиылыстан өту кезінде жаяу жүргіншілер өткелімен жолды кесіп өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған қызды қағып кеткен. Алған жарақаттары салдарынан қыз бала көз жұмды. 

— Көлік жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында, — делінген Жетісу облысы Полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Полиция жүргізушілерді жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда барынша мұқият болуға, бағдаршам белгілерін қатаң сақтауға және жолдағы жауапкершілік пен сақтық адам өміріне тікелей әсер ететінін ұмытпауға шақырады.

Бұдан бұрын Түркістан облысында жүкті әйел мен екі баланы қағып өлтірген мас жүргізуші сотталғанын жаздық.