Журналистер баспасөз турының бірінші күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша шекара қызметі департаментінің жағалау күзеті бірінші дивизионының жұмысымен танысты.
Содан соң арнайы мақсаттағы қызметтің оқу-жаттығу полигонына барды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметі бастығының орынбасары Айгүл Айнабекованың айтуынша, Маңғыстауда баспасөз туры алғаш рет өткізіліп жатыр.
Бұған дейін Астана мен Түркістан облысында ұйымдастырылған.
— Комитет бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас жасау үшін болашақта барлық өңірде осындай іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Баспасөз туры аясында журналистерге террорлық шабуыл мен дағдарыс жайлы ақпарат жариялаудың ерекшеліктері айтылды, — дейді Айгүл Айнабекова.
БАҚ өкілдеріне арнайы мақсаттағы қызметтің оқу-жаттығу полигонында ҰҚК-нің арнаулы бөлімшелерінің қарумен жабдықталуы, заманауи қару-жарақтары көрсетілді.
Одан кейін барокамерада 10 метр тереңдікке дейін құрғақ сүңгу ұйымдастырылып, әртүрлі қару түрлерінен практикалық атыс болды.
Ал, жағалау күзетінің бірінші дивизионында теңіз шекарашылары кемеде өрт кезінде жүргізілетін оқу-жаттығуларын көрсетті.
БАҚ өкілдері шекаралық экипаждардың төтенше жағдайларларға дайындығына куә болды.