Маңғыстау облысы арқылы жыл сайын мыңдаған қоныс аударатын құс өтеді. Орталық жұмысын бастаған алғашқы айда алты құс қабылданған. Олардың қатарында бүркіт, көксары, күйкентай және Қызыл кітапқа енген тілеміш бар.
Мәселен, Жетібай кен орнынан табылған көксары мұнай өнімдеріне былғанып, қанаты сынған күйде жеткізілген. Қазір мамандар құсты емдеп, операцияға дайындап жатыр.
— Қазір басқа құстар оңалту кезеңінен өтіп жатыр. Оларды толық сауыққаннан кейін табиғи ортаға жібереміз. Ал бүркіттің негізгі қанат қауырсындары зақымданған. Сондықтан оның түлеуін күту керек. Қауырсындары толық қалпына келгеннен кейін ғана табиғатқа жіберіледі. Қазір күн ыстық болғандықтан, құстар көбіне сусызданып, әлсіреп келеді. Сондай-ақ биік ғимараттардың әйнегіне соғылып немесе жыртқыштардың шабуылынан жарақат алатындары бар, — дейді ветеринар дәрігер Алина Шарипова.
Мамандардың айтуынша, орталыққа жеткізілген құстардың басым бөлігін тұрғындар өздері әкеледі. Жақында Ақшұқыр ауылындағы тұрғын үйдің маңынан ұшуды енді ғана үйренген күйкентай табылған. Бірнеше сағат бойы жерде отырған құсқа жергілікті мысықтар қауіп төндірген. Қазір жас құс табиғи ортаға қайта жіберуге дайындалып жатыр.
Орталықтың негізгі міндеті — жарақат алған құстарға шұғыл көмек көрсету, емдеу және оларды табиғи ортаға бейімдеу.
— Бұл жоба Маңғыстау облысының табиғатты қорғау инспекциясы мен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен қолға алынды. Соңғы жылдары тұрғындар жарақат алған құстарды тауып, көмек сұрап жиі хабарласатын болды. Ал облыста жабайы құстарды оңалтатын арнайы орталық болмаған. Қызыл кітапқа енген және сирек кездесетін құстарды қорғау мақсатында мемлекеттік гранттың қолдауымен осы орталық құрылды, — дейді қоғамдық қордың жетекшісі, волонтер Меруерт Лыткина.
Орталық мамандары құстарды емдеумен қатар, олардың жарақаттануы мен қырылуының негізгі себептерін анықтау үшін мониторинг жүргізеді. Жиналған мәліметтер алдағы уақытта сирек кездесетін құстарды қорғаудың кешенді жүйесін әзірлеуге негіз болмақ.
Бұған дейін, Маңғыстауда құтқарушылар жағалаудан қашықтап кеткен жұпқа көмектесті.