— Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қаза болған жандардың туған-туыстарына, сондай-ақ Қазақстан халқына қайғыға ортақтасып көңіл айтты. Мемлекет басшысы қиын сәтте жұбату сөзін жеткізген әріптестеріне ризашылық білдіріп, халықаралық қолдау мен тілеулестіктің айрықша маңызды екенін атап өтті, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.
Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.
Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.
Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.
Бүгін Каспийде екі әскери қызметшіні іздеу операциясына жүздеген адам жұмылдырылғаны хабарланды.
Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қызметіне салғырты қараған бірқатар лауазымды тұлға күдікке ілінді.
Бүгін үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің — сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денесі табылды.