9 шілде күні Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында бірнеше адам арасында жанжал болды. Оқиға салдарынан екі жас жігіт оқ жарақатын алып, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Атап айтқанда, адам өлтіруге оқталу, бұзақылық, сондай-ақ суық қаруды заңсыз алып жүру және өткізу белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға болғаннан кейін жедел-іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылған.
– Оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр, – деді Айгерім Ибатуллаева.
Бұған дейін Ақтауда барда ер адамның бетіне оқ атқан күдікті ұсталғанын жазған едік.