«Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС бас директоры тағайындалды

Фото: ҚазМұнайГаз

АСТАНА. KAZINFORM - Қуанбек Шәкірұлы Биғалиев «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС бас директоры болып тағайындалды, депхабарлайды «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.

Қ.Биғалиев 1968 жылы дүниеге келген. 1992 жылы Алматы энергетикалық институтын «Өнеркәсіптік кәсіпорындарды электрмен жабдықтау» мамандығы бойынша, 2004 жылы Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Маңғыстау монтаждау-реттеу басқармасының Жетібай учаскесінде инженер-реттеуші болып бастады.

Әр жылдары «Өзенмұнайгаз» АҚ құрылымдарында инженер-реттеуші, қабат қысымын ұстап тұру цехының бастығы, бас инженер, «Өзенэнергомұнай» басқармасының директоры қызметтерін атқарды.

Бұл лауазымға тағайындалғанға дейін «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары болды.

«Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС — «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның Қаламқас және Жетібай кен орындарында электр желілеріне технологиялық қызмет көрсетеді.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Энергетика министрлігі аппаратының басшысы тағайындалды.