Төте жазудан кириллицаға аударылған еңбек
Мағжан Жұмабайдың «Бастауыш мектепте ана тілі» атты оқу құралы 1923 жылы Ташкент қаласында жарық көрген. Еңбекте автор бастауыш сынып оқушысына білім берудің жолдарын түсіндіріп, ана тілін оқытудың маңызына тоқталған.
Сондай-ақ баланың төрт жыл ішінде меңгеруге тиіс негізгі дағдыларын атап көрсеткен. Олар — сауатты жазу, сауатты оқу және өз ойын сауатты жеткізе білу.
Найзабек Жанбайдың айтуынша, кітапты аударуға 2024 жылы кіріскен. Сол жылы Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы жанындағы сирек кітаптар қорында жұмыс істейтін досы оған осы еңбекті ұсынған.
— Бастапқыда аздап қобалжыдым. Өйткені ол кезде төте жазуды енді ғана меңгеріп жүрген кезім еді. Алайда кітаптың мазмұнымен таныса бастаған сайын қызығушылығым арта түсті. Сөйтіп, аударуға кірісіп, алты-жеті айдың ішінде аяқтадым. Аударған еңбегім 2026 жылдың қыркүйегінде жеке кітап болып жарық көрді, — дейді зерттеуші.
Ол еңбекті аудару барысында Мағжанның бастауыш білімге қатысты ойларына ерекше назар аударған. Кейін өз нұсқасын М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдары әзірлеген ақынның академиялық толық шығармалар жинағындағы мәтінмен салыстырған. Зерттеушінің айтуынша, екі нұсқаның арасында айтарлықтай айырмашылық байқалмаған.
Бастауыш білімнің қадірін өз тәжірибесінен түсінген
Найзабек Жанбайдың бұл еңбекке қызығушылығының астарында жеке өмір тарихы жатыр. Ол 1997 жылы 31 қазанда Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында дүниеге келген. Бірінші сыныптың алғашқы тоқсаны аяқталмай жатып ауыр дертке шалдыққан. Кейін оған лейкоз диагнозы қойылып, ұзақ уақыт емделуге тура келген.
Соның салдарынан бастауыш білімді мектепте үздіксіз оқып меңгеру мүмкін болмаған. Сабақтарды ауруханада және үй жағдайында жалғастыруға мәжбүр болған. Кей кездері аптасына екі рет, небәрі 30 минуттан ғана оқыған.
— Сондықтан бастауыш білімнің адам өміріндегі маңызын толық түсіндім деп ойлаймын. Өз басымнан өткен жағдай осы еңбекті аударуға деген ынтамды арттырып, бастаған ісімді соңына дейін жеткізуіме себеп болды, — дейді ол.
Зерттеушінің пікірінше, Мағжанның еңбегі тек бастауыш сынып мұғалімдеріне ғана емес, ата-аналарға да пайдалы. Кітапта баланы сауатты оқуға, жазуға және ойын дұрыс жеткізуге үйретудің негізгі жолдары қысқа әрі түсінікті баяндалған. Оның айтуынша, еңбекті оқып, мазмұнын талдауға 40-50 минут жеткілікті.
Ауыл балаларына білім беруді мақсат еткен
Найзабек Жанбай туған ауылында «Тұлға» оқу орталығын ашқан. Орталық 2025 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда ол ауыл балаларына сапалы білім беріп, оларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау.
Бұдан бөлек, ол туған өлкеден шыққан ХХ ғасырдағы ағартушылар туралы үш бөлімнен тұратын электронды кітапшалар әзірлеген. Онда Маңғыстау өңірінен шыққан он беске жуық ағартушы-ғалымның өмірі қысқаша баяндалған.
Зерттеуші алдағы уақытта да тарихи-ағартушылық мұраны жаңғырту жұмысын жалғастырмақ. Ол енді қазақтың алғашқы биолог-ғалымы Жұмахан Күдерінің «Өсімдіктану» атты оқу құралын қайта жаңартып, оқырманға ұсынуды көздейді.
Бұған дейін, Кроссфиттен облыстың жеті дүркін чемпионы атанған маңғыстаулық құтқарушы туралы жазған болатынбыз.