Өрт сөндіру бекетінен чемпиондық тұғырға дейін: маңғыстаулық құтқарушының жолы
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстаулық өрт сөндіруші Мэлс Сарыбаев қызмет пен спортты қатар алып жүр. Ол кроссфиттен облыстың жеті дүркін чемпионы атанып, көпқабатты ғимараттың 25-қабатына уақытқа көтерілу сайысында үш рет жеңіске жеткен. Қазір тәжірибелі маман әріптестерін де жарыстарға дайындайды. Kazinform тілшісімен сұхбатында ол қауіпті мамандықтың ерекшелігі мен спорттағы жетістіктері туралы айтып берді.
— Өрт сөндіру саласына қалай келдіңіз?
— Бала кезімнен әскери киім киіп, елге қызмет етуді армандадым. Спортпен де ерте айналыса бастадым. 2015 жылы төтенше жағдайлар саласына жұмысқа орналастым. Қазір бөлімше командирі, старшина болып қызмет етемін. Таңдауыма өкінбеймін, керісінше, өзім қалаған іспен айналысып жүргеніме қуанамын.
— Өрт сөндірушіге қандай қасиеттер қажет?
— Ең алдымен, шапшаңдық, төзімділік және сабырлылық керек. Өрт кезінде әр секунд маңызды. Түтін басқан ғимараттан адам іздеу, кедергілерден өту оңай емес. Мұндайда қорқыныш та болады. Бірақ тәжірибе мен дайындық абдырап қалмай, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
— Спорттағы басты жетістіктеріңіз қандай?
— Кроссфиттен Маңғыстау облысының жеті дүркін чемпионы атандым. Көпқабатты ғимараттың 25-қабатына уақытқа көтерілу сайысында үш рет жеңіске жеттім. Арқан тартудан облыс чемпионы болдым. Өрт сөндірушілер арасындағы жарыстарда жеке және командалық есепте жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Қазақстан чемпионаттарында өңір намысын қорғадым. Спорт қызметіме де көмектеседі. Өрт сөндірушілердің жарыстарында күшпен қатар төзімділік, шапшаңдық және нақты әрекет ету қабілеті сыналады.
— Қазір өзіңіз де әріптестеріңізді жаттықтырасыз.
— Иә, биылдан бастап арнайы спорт кешенінде өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлерін дайындауға жетекшілік етемін. Оларды жарыстарға әзірлеп, тәжірибеммен бөлісемін.
— Қызмет барысында есте қалған оқиғалар болды ма?
— Біздің тәжірибемізде бір тәулікте 21 өрт оқиғасына барған кез болды. Кейде бірнеше сағаттың ішінде қатарынан шақыртулар түседі. Мұндайда әр минутты тиімді пайдалану керек.
— Шақырту кезінде оқиға орнына жетуге қандай кедергілер кездеседі?
— Қазір қалада көлік көп. Әсіресе көпқабатты үйлердің арасындағы тар жолдар, ретсіз қойылған көліктер мен кептелістер өрт сөндіру техникасының қозғалысын қиындатады. Біздің № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде 72 қызметкер еңбек етеді. Бөлімше Ақтаудың 10-15-шағынаудандарынан бастап 29 «А» шағынауданына дейінгі аумаққа жауап береді. Тұрғындардан өрт сөндіру көлігінің дабылын естігенде жол беруін сұраймыз. Кейде бірнеше минуттың өзі адам өмірін сақтап қалуға әсер етеді.
— Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі жөнінде қандай кеңес берер едіңіз?
— Ең алдымен, үйдегі электр сымдары мен газ жабдықтарының жарамдылығын тексеріп отырған жөн. Электр құралдарын қараусыз қалдырмау, балалардың отпен ойнауына жол бермеу керек. Қарт адамдардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударған дұрыс.
Өрт шыққаннан кейін оны сөндірумен ғана шектелмей, алдын алу шараларына мән берген маңызды. Қауіпсіздік ережелерін сақтау әр адамның жауапкершілігіне байланысты. Тұрғындар қарапайым талаптарды орындаса, көптеген төтенше жағдайдың алдын алуға болады.
Бұған дейін Астанада егіз ағайынды құтқарушы болып бірге қызмет ететінін жазғанбыз.