Mango директорлар кеңесі төрағасының орынбасары, 45 жастағы Джонатан Андик сейсенбі күні таңертең Барселонадағы үйінде қамауға алынған. Кейін ол жауап алу үшін Барселона маңындағы Марторелл қаласының тергеу сотына жеткізілді.
Испаниядағы ең бай адамдардың бірі болған Исак Андик 2024 жылғы 14 желтоқсанда 71 жасында қаза тапқан. Ол Монтсеррат тауларында жаяу серуендеп жүрген кезде шамамен 100 метрлік жартастан құлап кеткені белгілі. Оқиға кезінде Джонатан Андик жалғыз куәгер болған.
Бастапқыда өлім жазатайым оқиға ретінде тіркеліп, іс 2025 жылдың басында жабылған еді. Алайда 2025 жылдың қазан айында ұлының берген жауабындағы сәйкессіздіктер анықталғаннан кейін тергеу қайта басталды. Полиция Джонатанның ұялы телефонын тәркілеп, тексерген, сондай-ақ басқа да дәлелдерді зерттеген.
Соған қарамастан Джонатан Андик басынан бері әкесінің өліміне қатысы барын жоққа шығарып, мұны қайғылы жазатайым оқиға деп атап келеді. Андиктер отбасы да оның кінәсіз екенін мәлімдеп, тергеумен ынтымақтасуға дайын екенін жеткізді.
Түркияда дүниеге келген Исак Андик Mango компаниясын 1984 жылы Каталонияда құрған. Қазіргі таңда желінің әлем бойынша шамамен 2900 дүкені бар. 2024 қаржы жылының қорытындысы бойынша компания сатылымы рекордтық көрсеткіш — 3,3 млрд еуродан асқан. Forbes нұсқасы бойынша Исак Андик Испанияның ең бай бес адамының қатарына енген.
Бұдан бұрын Valentino сән үйінің негізін қалаған Валентино Гаравани өмірден өткенін жазған болатынбыз.