Маңғыстауда бес айда 1300-дей ауыр қылмыс тіркелді

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында 5 ай ішінде ауыр және аса ауыр санатқа жататын 1292 қылмыс ашылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы Қоғамдық қауіпсіздікке байланысты жиында Полиция департаментінің басшылығы мәлімдеді.

Жалпы, заңсыз айналымынан барлығы 100-ден астам есірткі түрлері тәркіленіп, наурыз айында есірткі жеткізу және сатумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірдегі ойын мекемелерінің қызметтеріне тексеру жүргізіліп, заңсыз жұмыс істеген 61 букмекерлік кеңсе анықталған. Салдарынан көптеген қылмыс тіркелген.

5 айдың қорытындысына сәйкес, қылмыс саны 5,5 % төмендеген. Ауыр қылмыс 7,4 % және аса ауыр қылмыс 14,3 % азайған.

Сонымен қатар, өңірде қарақшы шабуылы, тонау, бөтен мүлікті ұрлау, оның ішінде мал ұрлығы, бұзақылық сынды қылмыстар да бірнеше пайызға төмендеген.

Сондай-ақ, жиында жол қауіпсіздігі, құқық бұзудың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге байланысты жергілікті полиция қызметінің жұмыстары талқыланып, жедел іздестіру қызметі, қылмыстарды ашу және заңсыз есірткі айналымының жолын кесу, тергеу мен анықтау қызметінің сапасын көтеру мәселелері жан-жақты қаралды.