Маңғыстаулық полицейлер 274 келі бекіре балығын тәркіледі

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау-Форт-Шевченко бағытындағы тас жолдың 30- шақырымынан тоқтатылған көліктен 58 бекіре тәркіленді, балықтардың жалпы салмағы 236 келі болды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәртіп сақшылары 1 апта бойы жүргізген профилактикалық іс-шара барысында 1Ақтау-Форт-Шевченко1 бағытындағы жолдан «KIA Sportage» көлігі тоқтатылған. Тексеру кезінде көліктен барлығы 236 келі бекіре тұқымдас балық табылды.

Сондай-ақ, Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылында «Форд ЭкоСпорт» көлігін қарау кезінде 25 келі бағалы балық тәркіленді.

Құқық қорғау қызметкерлері «Ақтау-Форт-Шевченко» бағытындағы тас жолдың 30- шақырымынан «Toyota Corolla» көлігін тоқтатып, 13 келі  бекіре тұқымдас балықты анықтады.

Маңғыстау облыстық ІІД Табиғатты қорғау полициясының басшысы Бекқали Алдабергеновтің айтуынша, рейд барысында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдік мен жануарлар түрлерін аулауға қарсы күрес жүргізу көзделген.

Аталған фактілердің әрқайсысы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 399-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, Түпқараған ауданының бірыңғай сотқа дейінгі тізілімге енгізілді.