Марафонға қандай шектеу қойылуы мүмкін — вице-министр жауабы

Фото: Фото: Досбол Атажан/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 20 сәуір күні өткен Алматы жартылай марафоны кезінде екі адам жарыс жолында жан тапсырды.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жартылай марафондағы қайғылы жағдайдан соң министрлік мұндай шараларға талапты күшейтетінін әлеуметтік желіде жазған еді.

«Қазақстандағы цифрлық туризм — 2025» форумы барысында Kazinform тілшісі Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаевтан нақты қандай шаралар қабылданатынын сұрады.

— Біз бұл мәселені Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрімен талқыладық. Олардың да ұсыныстары бар. Мысалы, пульсометр не спорт сағаттарын тағып, өзіне ыңғайлы пульс аймағында жүгіру. Бірақ марафон — бұл кәсіби спорт емес, бұқаралық спорт. Сондықтан шектеу не талап қою дұрыс болмайды. Негізгі статистиканы алсақ, дүниежүзі бойынша 80 мың марафоншы арасында 1 адам қайтыс болады екен. Өкінішке қарай, бұл өмір. Сағаты болса да, болмаса да қайтыс болған екі азамат та тәжірибелі марафоншылар. Бірінші жүгірулері емес. Шектеу қойғанмен 100 пайыздық шешім жоқ. Бірақ бүгін министр федерация және спорт мамандарын біріктіріп, олардың ұсыныстарын талқылайды, — деді вице-министр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жартылай марафонға қатысқан екі адам қайтыс болғанын жазғанбыз.