Марат Ахметжанов бірқатар қылмыс түрінің төмендегенін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Нашақорлыққа және есірткіге қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасы әзірленді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын орындау үшін тиісті шаралар қабылдауда. Ең алдымен, ХХІ ғасырдағы қазақстандық полицияның – адам сұранысына бағытталған кәсіби, сервистік полициясын құру, бюрократия мен формализмнен арылу, адамға бағытталған сапалы қызмет көрсету. Сараптамалық, цифрлық тетіктер қолданып, проблеманы шешуге бағдарланған тәсілдерді енгізіп жатырмыз. Соның арқасында кісі өлтіру фактісі - 12, қарақшылық - 25, тонау - 6, зорлау – 26, бұзақылық – 11, мал ұрлау – 20, интернет алаяқтығы 4 пайызға төмендеді. Қоғамдық орында жасалған қылмыстар – 7, көшелерде - 11, мас күйде – 11, отбасылық-тұрмыстық жағдайда 6 пайызға азайды», - деді Марат Ахметжанов.

Оның атап өтуінше, Нашақорлыққа және есірткіге қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Онда мүдделі мемлекеттік органдарды және қоғамдық институттарды нашақорлыққа және есірткіге қарсы күреске жұмылдыру; халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және басқа да іс-шаралар көзделген.

«Алдын алу тиімділігін арттыру мақсатында, 2023-2025 жылдарға кешенді жоспар әзірленуде», - деді министр.