Марин Ле Пен ЕО қаржысын заңсыз пайдаланды деген күдікке ілікті
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық прокуратура сейсенбі күні Франциядағы «Ұлттық бірлестік» партиясының көшбасшылары Марин Ле Пен мен Жордан Барделлаға, сондай-ақ Брюссельдегі олардың оңшыл одақтастарына қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
— Еуропалық прокуратура тергеу бастады, — деді органның өкілі. Алайда әзірге тергеу нәтижесіне қауіп төндірмеу үшін нақты ақпарат таратылмайды.
Биыл шілде айының басында бірқатар еуропалық БАҚ жариялаған айыптауларға сәйкес, аталған француз партиясы мен бұрынғы Еуропарламент фракциясы — «Тұлғалық және демократия» (ID) серіктестері 2019 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта 4,3 миллион еуродан астам қаражатты заңсыз жұмсады деп күдікке ілінген.
Өз кезегінде, «Ұлттық бірлестік» партиясы бұл жағдайға жедел үн қатты.
— Мен мұны Еуропарламент әкімшілігінің тарапынан жаңа қудалау әрекеті ретінде қарастырамын, — деді партия президенті, Марин Ле Пеннің сенімді серігі Жордан Барделла баспасөз мәслихатында.
Марин Ле Пеннің өзі бұл айыптауларды жоққа шығарып, оларды «саяси астары бар» деп сипаттады.
Марин Ле Пен мен «Ұлттық бірлестік» партиясына қатысты алдын ала тергеу 2023 жылы, Францияның Сайлау науқандарының шығындары мен саяси қызметті қаржыландыру жөніндегі ұлттық комиссиясының сұранысынан кейін басталған болатын.
Францияның оңшыл саясаткері Марин Ле Пеннің айналасындағы жағдай ушығып барады, себебі ол 2027 жылы өтетін президенттік сайлауда негізгі үміткерлердің бірі болып саналады.
Биыл сәуір айында Франция соты Марин Ле Пенді Еуропалық одақ қаражатын заңсыз пайдаланғаны үшін кінәлі деп таныған.