Маркетплейстер экономиканы қалай өзгертіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде маркетплейс - жай ғана онлайн дүкен емес. Ол – бағаны қалыптастыратын, бизнесті дамытатын әрі мыңдаған адамға табыс әкелетін цифрлық жүйе. Қазақстанда бұл нарық қалай дамып жатыр және оның экономикаға әсері қандай? Kazinform тілшісі зерделеді.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana/ Canva

Нарықтағы жаңа күш

Елімізде маркетплейс саудасы 2018 жылдан бастап қарқындап, пандемия жылдарында ерекше серпін алды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы электронды бөлшек сауда көлемі 3,77 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 19,4 пайызға өсті. Оның 86 пайызы маркетплейстер арқылы жүзеге асқан.

Платформалардағы сатылымның 90 пайыздан астамын шағын және орта бизнес қамтамасыз етеді. Сауда және интеграция министрлігінің бағалауынша, сала 300 мыңнан астам тікелей жұмыс орнын құрып, логистика, қойма, жеткізу, жарнама және IT қызметтерін қоса есептегенде жарты миллионға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Сонымен қатар платформалар нарықтағы бәсекенің сипатын өзгертті. Бұрын бағаны өндіруші мен дүкен айқындаса, қазір оған маркетплейстің алгоритмдері ықпал етеді. Сұраныс, жеткізу жылдамдығы, сатушы рейтингі, пікір саны мен іздеу нәтижесіндегі орны тауардың бағасы мен сатылымына тікелей әсер етеді. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер арасындағы бәсекемен қатар алгоритмдер арасындағы бәсеке күшейді.

Платформалардың ықпалы артқан сайын жаңа экономикалық тәуелділік те қалыптасып келеді. Ірі маркетплейс комиссия мөлшерін, іздеу алгоритмін немесе жарнама ережесін өзгертсе, оның салдарын бірден ондаған мың сатушы сезінеді. Бұл – дәстүрлі бөлшек саудада болмаған құбылыс.

Мұндай үрдіс трансшекаралық саудадан да байқалады. PwC дерегіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстандағы электронды сауданың 62 пайызы импорттық сатып алулардың үлесіне тиесілі болды, яғни тұтынушылардың басым бөлігі шетелдік платформалар арқылы тапсырыс береді. Әзірге Қазақстанның маркетплейстер арқылы жүзеге асатын экспорты импорт бөлігінен төмен.

Импорттың басымдығы салықтық теңсіздік мәселесін де ушықтырды. Отандық кәсіпкерлер барлық міндетті салықты төлесе, шетелдік интернет-платформалардың талаптарды толық орындауын бақылау әзірге қиын. Қазір Temu, Alibaba, Garmin, Twitch және басқа да 110-нан астам шетелдік интернет-компания салық органдарында тіркелгенімен, олардың нақты төлемдерін бақылау оңай емес.

Инфографика: Kazinform

Соның салдарынан отандық және шетелдік ойыншылардың салықтық жүктемесі бірдей болмай отыр.

Маркетплейстер қалай реттеледі?

Маркетплейстердің экономикадағы рөлі күшейген сайын оларды құқықтық тұрғыдан реттеу мәселесі де күн тәртібіне шықты. Себебі электронды сауданың қарқынды дамуы қолданыстағы заңнаманы жаңа нарық талаптарына бейімдеуді қажет етеді. Осыған байланысты биыл Сенат «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске енгізілген өзгерістерді мақұлдаған болатын.

Жаңа түзетулер электронды сауда тауарларын кедендік рәсімдеу тәртібін нақтылайды. Сонымен қатар заңнамаға алғаш рет «электрондық сауда операторы» ұғымы енгізіліп, мұндай операторларды арнайы тізілімге енгізу тәртібі мен жауапкершілігі айқындалады. Бұдан бөлек, электронды саудаға арналған кедендік декларацияның жаңа түрі енгізіледі.

Фото: ҚР Қаржы министрлігі

Алайда нарықтың барлық қатысушысына бірдей талап қою әзір мүмкін емес. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин айтқандай, отандық және шетелдік маркетплейстердің жұмыс моделі бір-бірінен едәуір ерекшеленеді. Оның сөзінше, қазақстандық платформалар тауарды өздері импорттап, кедендік рәсімдеуден өткізгеннен кейін сатып алушыға өз атынан сатады.

– Көптеген шетелдік маркетплейс тек делдал қызметін атқарады. Сондықтан салық салу мен кедендік рәсімдеу тәртібі де өзгеше қалыптасады, – деген болатын Азамат Әмрин.

Соған қарамастан, сарапшылар заңнамадағы өзгерістерді мәселенің алғашқы қадамы ғана деп бағалайды. Олардың пікірінше, негізгі міндет – электронды сауда нарығындағы барлық қатысушы үшін әділ бәсекелестік қалыптастыру.

Тең бәсеке бар ма?

Заңнаманы жетілдіру мәселесімен қатар, нарықтағы бәсекелестік шарттары да қызу талқыланып жатыр. Электронды сауда көлемі ұлғайған сайын қазақстандық кәсіпкерлердің алаңдаушылығы артып келеді. Олардың пікірінше, бүгінде жергілікті және шетелдік сатушылар бірдей жағдайда жұмыс істеп отырған жоқ.

Мәжілістің экс-депутаты Олжас Құспековтің айтуынша, электронды сауда нарығы бүгінде 738 мыңға жуық адамның табыс көзіне айналған. Сондықтан бұл - жекелеген кәсіпкерлердің ғана емес, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететін мәселе.

Оның пікірінше, Үкімет маркетплейстерге арналған арнайы салық режимін енгізуге сақтықпен қарап отырғанымен, мәселе күн тәртібінен түспейді.

Фото: Олжас Құспековтің жеке мұрағатынан

– Біз электрондық коммерция нарығының ерекшелігін ескеретін, кәсіпкерлердің заңды әрі ашық жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін шешім қабылдануы тиіс деп есептейміз. Егер осылай жалғаса берсе, олардың бір бөлігі бизнесті көршілес елдерде тіркеуге мәжбүр болуы мүмкін, – деді Олжас Құспеков.

Бұл мәселелерді кәсіпкерлер де күнделікті жұмыс барысында байқап отыр. 2022 жылдан бері маркетплейсте сауда жасап жүрген кәсіпкер Аяулым Жақсыбаеваның айтуынша, қазақстандық сатушылардың өнімдері кейде бірнеше өңірде ғана көрсетілсе, шетелдік сатушылардың тауарлары бүкіл ел бойынша қолжетімді болады.

– Шетелдік сатушыларға 25–30 пайыздық жеңілдік қарастырылған кезде, отандық кәсіпкерлер үшін мұндай мүмкіндік айтарлықтай шектеулі, – дейді кәсіпкер.

Фото: Аяулым Жақсыбаеваның жеке мұрағатынан

Сондықтан кәсіпкерлер маркетплейстерге арналған жеке салық режимін енгізуді ұсынып отыр. Олардың пікірінше, қазіргі жалпы салық режимі шағын бизнеске қосымша әкімшілік жүктеме түсіреді.

Көлеңкелі тұс: деректер кімнің қолында?

Сарапшылардың пікірінше, маркетплейстер бүгінде сауда алаңынан әлдеқайда кең ұғымға айналып отыр. Олар миллиондаған тұтынушының мінез-құлқы, талғамы мен сатып алу дағдылары туралы деректерді жинайтын маңызды цифрлық инфрақұрылым ретінде ықпалды.

Саясаттанушы әрі экономикалық бақылаушы Әсем Қасымханованың айтуынша, мұндай мәліметтер стратегиялық ресурс саналады.

– Қазақстан азаматтарына қатысты барлық дерек ел аумағында сақталуы тиіс. Сонымен бірге алгоритмдердің қалай жұмыс істейтіні, жасанды интеллект қандай ақпаратты өңдеп, оны қандай мақсатта пайдаланатыны ашық болуы қажет, – дейді сарапшы.

Деректер қауіпсіздігі мәселесіне қаржы сарапшысы Бауыржан Ысқақов та ерекше назар аударады.

– Маркетплейстер тұтынушылардың аты-жөні, ЖСН-і, мекенжайы, банк картасы мен сатып алу тарихы сияқты маңызды ақпаратты өңдейді. Сондықтан олардың қауіпсіздігі экономикалық емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр. Маркетплейстер ұлттық киберқауіпсіздік стандартынан, банктер сияқты тұрақты қауіпсіздік аудитінен өтуі қажет, – дейді экономист.

Фото: Бауыржан Ысқақвотың жеке мұрағатынан

Жалпы, сарапшылардың ортақ пікірі бір. Маркетплейстер экономиканың маңызды қозғаушы күшіне айналды. Ендігі міндет – олардың дамуын шектеу емес, әділ бәсекені, салықтық теңдік пен дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін орта қалыптастыру.