Марқұм Шерзат Полаттың әкесінің үстінен қылмыстық іс қозғалды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысының Полиция департаменті 10 желтоқсан күні ұсталған Қаржаубай Нұрымовтың үстінен бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Полиция мәліметінше, 10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында болған жерлеу рәсімі кезінде автокөлік иесіне материалдық залал келтірілген.
- Бұл әкімшілік жауапкершілік шегінен едәуір асып, іс-әрекеттің қылмыстық саралануына әкеп соғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайды анықтау мақсатында жан-жақты, толық және объективті тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, бұған дейін сот шешімімен Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалғанын жазғанбыз.
Ол Азат ауылында жерлеу рәсімін өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсталған болатын.
Одан бұрын Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.