«Маска таққан адам» он шақты күн бұрын әкесінен және төрт бауырынан айырылған жасөспіріммен кездесті.
Станислав Петропавлдағы колледждердің бірінде оқып, жатақханада тұрады.
— Үйіміз өртенгенде мен Петропавлда, жатақханада болдым. Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз, бірақ электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Әрі үйде көмірқышқыл газы болған. Әкем 40 жаста, әпкем — 18-де, қарындасым 13-те, інім 10-да және ең кішкентайымыз 7-де ғана болды. Жеті жыл бұрын анам қайтыс болды. Менің көзім нашар көреді, -4. Бауырларымды қалаға әкетіп, оқыту арманым болатын. Бұл арманымнан айырылдым, әрі қарай не істейтінімді білмеймін, — деді жасөспірім «маска таққан адаммен» әңгіме барысында.
Естеріңізге салайық, СҚО Шал ақын ауданы Ступинка елді мекенінде үй өртеніп, бес адам мерт болған еді.
СҚО әкімдігі өкілдері өртте қаза тапқан отбасыны жерлеу рәсімін өткізуге көмек көрсетілетінін айтты.