Мәскеудегі «Интервидение-2025» финалы: қазақстандық Amre көрермендерді тәнті етті

Фото: Видеодан скриншот

МӘСКЕУ. KAZINFORM — Мәскеуде «Интервидение-2025» халықаралық музыкалық байқауының финалы басталды. Қазақстан атынан әнші Amre (Ернар Садырбаев) өнер көрсетіп жатыр, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.

Қазақстандық орындаушы байқау финалында сегіз жастағы Жасмин Қайратқызымен бірге «Дала таңы» композициясын орындап, көрермендердің зор қошеметіне бөленді.

Amre «Дарын» мемлекеттік премиясының иегері, сондай-ақ 2018 жылы «Славян базары» байқауының жеңімпазы болып танылған. 2025 жылы ол Ресейдегі «Голос» шоуының финалисі атанып, оның менторы Дима Билан болған.

Залда Amre мен Жасминді қолдауға келген қазақстандықтар да болды.

Ән байқауына 23 елдің өкілдері қатысып жатыр.

Жюри құрамына қатысушы әр елден бір өкіл енген, Қазақстан атынан Жан Мұқанов бар.

Жеребе бойынша Amre жетінші болып өнер көрсетеді, бұл қазақтар үшін сәттілік болып саналады.

Финалда күтпеген жерден келеңсіз жағдай болды: белгісіз себептермен АҚШ-тың Vassy атты өкілі сахнаға шықпады.

Бұдан бұрын «Интервидение-2025» байқауына Қазақстаннан Amre қатысатынын жазған едік.