Маскүнемдерді наркологиялық мекемеге жіберу процедурасы бюрократияға айналып кеткен - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Маскүнемдерді мәжбүрлеп емдеу үшін 11 медициналық мекеме қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәжбүрлеп емдеуді қажет ететін «созылмалы маскүнемдер» үшін де төсек-орын тапшылығы бар. Еліміз бойынша бар-жоғы 21 ғана мамандандырылған наркологиялық мекеме жұмыс істейді. Бұл ретте оларға азаматтарды жіберу процедурасы аса бюрократияға айналып кеткен. Ал, наркологиялық мекемелердің медицина қызметкерлері мен наркологтер тиісті шешім қабылдағысы келмейді. Нәтижесінде, полицейлер көбінесе бұл мәселемен тек өздері жүгіреді», - деді Марат Ахметжанов.

Министрдің атап айтуынша, полиция қызметкерлері материалдарды соттарға рәсімдейді. Анализдерді тапсырады, сараптамадан өткізеді және құқық бұзушыны жатқызу үшін медициналық мекемеге жеткізеді. Алайда, бұл салада қаржыландыру қарастырылмаған.

«Соттар мәжбүрлеп емдеу туралы 4 мың материал қараған. Олардың тек 72 пайызы ғана ауруханаға жатқызылған. Жалпы, бүгінгі таңда осындай 11 медициналық мекеменің жұмысын ұйымдастыру қажет», - деді ол.

Бұған дейін министр биыл отбасылық-тұрмыстық салада 668 қылмыс жасалғанын айтты.