Мәслихат депутаты болу үшін қанша жарна төлеу қажет

АСТАНА. KAZINFORM — Мәслихат депутаттығына кандидаттар сайлауға қатысу үшін 425 мың теңге көлемінде сайлау жарнасын төлеуі керек. Алайда заңда белгіленген талаптарға байланысты кей саяси партиялар жарнаны толық төлеуден босатылады немесе оның азайтылған мөлшерін төлейді.

Фото: gov.kz

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова түсіндірді.

Оның айтуынша, алдағы мәслихат сайлауы аралас сайлау жүйесі бойынша өтеді, яғни, сайлауға саяси партиялар да, бірмандаттық сайлау округтері бойынша ұсынылған кандидаттар да қатыса алады. Азаматтар мәслихат депутаттығына өзін-өзі ұсыну тәртібімен де кандидат бола алады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 104-бабына сәйкес, партиялық тізім ұсынған саяси партиялар тізімге енгізілген әрбір кандидат үшін белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді. Қазіргі уақытта бұл сома 425 мың теңгені құрайды.

Ал өзін-өзі ұсынған азамат сайлау заңнамасының талаптарына сәйкестігі тексерілгеннен кейін, кандидат ретінде тіркелгенге дейін дәл осындай мөлшерде жарна енгізуге міндетті.

Сайлау жарнасы қандай жағдайда қайтарылады?

ОСК өкілінің түсіндіруінше, жарнаны қайтару тәртібі кандидаттың немесе партияның сайлау нәтижесіне байланысты.

Саяси партия сайлауға қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын алған жағдайда жарнасын қайтарып алады. Сондай-ақ партиялық тізімдегі жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда да жарна қайтарылады.

Ал өзін-өзі ұсынған кандидат мәслихат депутаты болып сайланса немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын алса, енгізген жарнасы өзіне қайтарылады. Кандидат қайтыс болған жағдайда да жарна қайтарылады.

Қалған жағдайларда сайлау жарнасы қайтарылмайды және республикалық бюджет кірісіне аударылады.

Қандай партиялар жарнаны толық төлемейді?

Заңнамада алдыңғы сайлаудың нәтижесіне қарай саяси партияларға жеңілдіктер қарастырылған. Тиісті сайлау округінде өткен мәслихат депутаттарының алдыңғы сайлауында сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын алған партиялар жарна төлеуден босатылады.

Ал 3 пайыздан 5 пайызға дейін дауыс жинаған партиялар — белгіленген жарнаның 50 пайызын, ал 1 пайыздан 3 пайызға дейін дауыс алған партиялар — оның 70 пайызын төлейді.

Еске сала кетсек, 29 қарашада Қазақстанда кезектен тыс мәслихат сайлауы өтеді.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың қашан тіркеліп, үгіт-насихат жүргізе алатынын жариялаған еді.