Мәслихат депутаттарын сайлауға дайындық аясында олар 100-ден астам сайлау учаскесін аралап, сайлау комиссияларының 3 382 мүшесі қатысқан 21 оқыту семинарын өткізді. Ұйымдастыру мәселелеріне қатысты бірқатар сұрақтар тиісті мемлекеттік органдармен пысықталды.
Іссапарлардың соңғы бағыты Қостанай облысы болды. 21 қарашада ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Қостанай қаласында мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізді. Кездесу барысында алдағы дауыс беруге дайындық мәселелері қаралды. Сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыруға, сайлау заңнамасының талаптарын сақтауға және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ округтік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинары өткізілді. Гибридті форматта ұйымдастырылған семинарға 300-ге жуық адам қатысты. Семинар барысында сайлау комиссиялары жұмысының практикалық тәжірибесі мен олардың қызметіндегі өзекті мәселелер, сайлау науқаны кезеңіндегі комиссиялардың негізгі міндеттері, сондай-ақ дауыс беру күні түрлі жағдайлар туындаған кезде әрекет ету алгоритмдері қарастырылды. Семинар қатысушылары нақты практикалық кейстерді талқылап, тәжірибе алмасты және интерактивті ойындар арқылы іскерлік дағдыларын шыңдады.
— Соңғы екі аптада Орталық сайлау комиссиясының мүшелері еліміздің барлық 20 өңіріне инспекциялық сапармен барды. Барлық өңірде мәслихаттар депутаттарын сайлауға белсенді дайындық жүргізілуде. Сапарлар барысында біз берген барлық ұсынымдар дауыс беру күніне дейін орындалуы тиіс. Бұл сапарлардың тағы бір мақсаты — Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын оқыту семинарларын өткізу. Ағымдағы сайлау науқаны аясында комиссиялардың 3,5 мың мүшесі осындай оқытудан өтті. Бұл тәсілдің нәтижелілігін өткізілген тестілеу арқылы бірден көріп отырмыз. Біздің басты міндетіміз — сайлау науқанын «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидаты негізінде қатаң түрде ұйымдастыру. Бұл ретте әрбір комиссия мүшесінің жұмыс сапасы да маңызды рөл атқарады. Сондықтан сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту мәселелеріне ерекше мән береміз, — деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Сапар барысында ОСК төрағасы бірқатар сайлау учаскелерін аралап, округтік сайлау комиссиясының мүшелерімен кездесті. Кездесулерде дауыс беру күніне дайындық, кандидаттарды тіркеу, сайлаушылар тізімдерін нақтылау мен оларға дербес шақырулар табыстау, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық және әдістемелік жабдықталуы, мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне, сондай-ақ байқаушылар мен БАҚ өкілдерінің жұмысына жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Айта кетелік Тоқаев мәслихат сайлауында барлық кандидатқа тең жағдай жасауды тапсырған еді.