Оның айтуынша, сайлауға бөлінетін қаражаттың нақты көлемін Үкімет аумақтық сайлау комиссияларының өтінімдері мен дауыс беруді ұйымдастыруға жұмсалатын нақты шығындарды ескере отырып айқындайды.
— Бұл сайлау кезектен тыс өткізілуіне байланысты оған қажетті қаражат Қазақстанның биылғы бюджетінде қарастырылмаған. Сондықтан сайлау шығындары Үкімет резервінен қаржыландырылады, — деді Михаил Бортник ОСК отырысынан кейінгі брифингте.
Алдын ала есеп бойынша, қаражаттың басым бөлігі сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысын төлеуге жұмсалады. Бұл мақсатқа сайлаудың жалпы бюджетінің шамамен 75-80 пайызы бағытталмақ. Еңбекақы 86 мыңнан астам комиссия мүшесіне төленеді.
ОСК мүшесі сайлауға жұмсалатын шығын көлемі жұмысқа тартылатын сайлау комиссияларының санына, сайлау науқанының ұзақтығына және оны ұйымдастыруға қатысты өзге де көрсеткіштерге байланысты екенін атап өтті.
Алдағы сайлау науқанының бірқатар ерекшелігі бар. Атап айтқанда, қосымша 3 022 округтік сайлау комиссиясы жұмысқа тартылып, құрамына тағы 15 110 адам кіреді. Олардың еңбегіне де қосымша қаржы қажет.
Бұдан бөлек, бірмандаттық сайлау округтері бойынша мәслихат депутаттығына түсетін кандидаттарды мемлекеттік қаржыландыруға қаржы қарастырылады. Заңнамаға сәйкес, тіркелген кандидаттардың сайлауалды үгіт жүргізуіне мемлекет қаржы бөледі. Оның нақты көлемін Орталық сайлау комиссиясы жеке айқындайды.
Сайлау бюллетеньдерін басып шығаруға да қосымша шығын жұмсалады. Құрылтай сайлауынан айырмашылығы, бұл жолы облыстық қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары сайланады. Сондықтан бюллетеньдердің саны мен оларды басып шығару шығыны әр өңірдегі дауыс беру ерекшеліктеріне қарай есептеледі.
М. Бортниктің айтуынша, бюджетті жоспарлағанда алдыңғы сайлау науқанымен салыстырғанда сайлаушылар санының артқаны да ескеріледі.
— Орталық және аумақтық сайлау комиссиялары бөлінген қаражатты үнемді жұмдауға әрі оны мақсатты пайдалануға басымдық беріп отыр. Өйткені сайлау шығындары Үкімет резервінен бөлінетін мемлекеттік қаражат есебінен өтеледі, — деп түйіндеді ол.
Еске сала кетсек, 29 қарашада Қазақстанда кезектен тыс мәслихат сайлауы өтеді.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың қашан тіркеліп, үгіт-насихат жүргізе алатынын жариялаған еді.
Мәслихат депутаттығына кандидаттар сайлауға қатысу үшін 425 мың теңге көлемінде сайлау жарнасын төлеуі керек.