Маусымдық аллергиядан толықтай айығуға болады – маман кеңесі

Фото: Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Аллерголог Арман Байділдаев аллергияның тұқым қуалайтын ауру екенін айтады. Ол бұл туралы «Бүгін LIVE» бағдарламасында мәлімдеді.

– Аллергия – тұқым қуалайтын ауру. Адамда генетикалық бейімділік болады. Егер ол болмаса, аллергия туындауы мүмкін емес. Оған қоса, аллергияның пайда болуына ішек микрофлорасының, жалпы иммунитеттің жағдайы әсер етеді. Өйткені аллергияның өзі – қалыпты заттарға иммунитеттің патологиялық реакциясы, - дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, соңғы жылдары аллергияның жиілеп кетуіне экология әсер етіп жатыр.

– Кейінгі кездері аллергияның тым жиілеп кетуі, ең әуелі, экологияға байланысты. Одан бөлек, тұтынып жатқан тағамдар да әсер етеді. Себебі қазіргі тамақтарда түрлі химиялық қоспалар, бояғыштар, хош иістендіргіштер көп қолданылады. Және дәрілік заттар, әсіресе антибиотикті көп тұтыну да аллергия тудырады. Антибиотиктер ішек микрофлорасын бұзып, иммунитетті төмендетеді. Оған қоса, иммунитеттің векторын басқа жаққа ауыстырып тастайды, - дейді аллерголог.

Арман Байділдаев адамдардың жасы ұлғайған сайын аллергияның пайда болу мүмкіндігі төмендейтінін айтады. Оған қоса, ішек микрофлорасы сау адамдарда аллергия болмайды екен. Ал елімізде ас қорыту жүйесі дұрыс жұмыс істейтін адамдар тым аз көрінеді.

– Көбінесе адамдар аллергиямен жас кезінен ауырады. Мысалы, 50-ден асқан адамда аллергия пайда болу мүмкіндігі өте төмен. Бірақ аллергия өзінен-өзі жойылмайды. Жалпы аллергияның белгілері бір күнде пайда болуы мүмкін. Бірақ оған біздің ағзамыз бірте-бірте келеді. Және ішек микрофлорасы сау адамда аллергия болғанын көрген жоқпын. Мысалы, нәжіс анализі талдауын қарасақ, ас қорыту жүйесі сау адамдар тым аз, - дейді Арман Байділдаев.

Ал маусымдық аллергиядан толықтай айығуға болады. Тек оны арнайы уақытта емдеу керек.

– Маусымдық аллергияға келер болсақ, кейбір адамдарда аллергияның симптомдары тұрақты түрде болып тұрады. Жыл сайын өзгермейді. Сол бір ішіп жатқан таблеткаларын қабылдап, аллергиясын басады. Ал басқа адамдарда жыл сайын аллергияның белгілері бірте-бірте күшейе береді. Бірінші жылдары мұрны қышып, бітеліп, екінші жылы көздің, маңдайдың қышынуы қосылып, бірте-бірте астмаға дейін алып келуі мүмкін. Және маусымдық аллергиядан толығымен емделуге болады. Ол үшін біз қыс мезгілінде арнайы иммунологиялық ем өткіземіз. Анықталған өсімдіктің тозаңынан жасалған дәрілік затты аз мөлшерде тілдің астына беріп тұрамыз. Солай иммунитет қалыптастыру үшін адам ағзасына енгіземіз. Қазір аллергия маусымы басталып кетті. Енді қар түскенше симптоматикалық емнен басқа ешқандай ем қабылдауға болмайды. Симптоматикалық ем дегеніміз – ол аллергияның белгілерін басатын, бірақ аллергияның өзін емдемейтін ем түрі. Көбіне біздің халқымыз өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Қыс, күз мезгілдерінде келіп, дәрігерге қаралмайды. Тек қана аллергия маусымы басталып, ауруы мазалағанда ғана естеріне түсіп, антигистаминдік препараттар мен гормондарды қолданып жүреді, - дейді студия қонағы.

Маман маусымдық аллергиядан қалай қорғану керектігін түсіндірді.

– Егер сіз маусымдық аллергияға шалдыққан болсаңыз, онда ұзын жең, ұзын етек немесе ұзын балақ шалбар киіп, бас киім не орамал тағып, тозаңның жиналуына жол бермеу керек. Және даладан үйге кірген сайын душ қабылдау керек. Егер сіз душ қабылдамай, тозаңмен жатсаңыз, ол тозаң сіздің теріңіз арқылы денеңізге енеді. Адам маусымдық аллергиядан толықтай емделіп кетуі үшін кемінде 3 қыстан 8 қысқа дейін ем алу керек. Бірақ бірінші курстан кейін аллергияның белгілері әлдеқайда төмен болуы мүмкін. Ем шараларының нәтижесі бірден көрінеді, - дейді ол.

Кей аллергиялар мүлде жазылмайды. Ондай кезде сізге аллергия беретін өнімдерден өмір бойы қорғануға тура келеді.

– Тағамдық заттарға аллергия емделмейді. Оған қарсы жалғыз ем бар – ол диета. Анықталған аллергия тудырушы тағамды толығымен доғарасыз. Әрине, эксперименталды әртүрлі ем түрлері бар, - дейді маман.

Ал маусымдық аллергияның жойылуына жер ауыстыру әсер етпейді екен. Дәрігер көпшілік арасында жиі айтылатын «аллергиядан құтылу үшін басқа жаққа көшу керек» деген әңгімеге түсініктеме берді.

– Егер сіздерде маусымдық аллергия болса, жер ауыстыру аллергияның тумауына ықпал етуі мүмкін. Бірақ 100% кепілдікпен аллергия тумауы үшін ешқандай өсімдік өспейтін шөлді жерге немесе Антарктидаға көшу керек. Басқа ешқандай нұсқа жоқ. Мысалы, бізде жусанның маусымы шілде айының аяғында басталса, Түркияға көшіп кеткен отандастарымыз «Түркияда жусанға аллергия болмайды» деуі мүмкін. Бірақ ол жақта жусанның тозаңдануы маусым айында басталады екен. Еуразия континентінде өсімдіктер бір-біріне ұқсас қой. Бірақ гүлдену, тозаңдану маусымы әртүрлі уақытта жүреді, - дейді аллерголог.

Кейде адамдар паразиттен пайда болатын қышыну белгілерін аллергиямен шатастырып жатады. Ал денеміздегі белгілер нақты неден пайда болғанын қалай анықтаймыз?

– Адам өзіндегі нақты бір затқа реакцияны аңғарады. Осындай затты жесем немесе мына жерге барсам, осындай реакция пайда болады дейді. Ал паразиті бар адамда қышыну сынды реакциялар кез келген уақытта пайда бола береді. Мысалы, лямблиоз деген ауру кезінде көбінесе кешке жақын аллергияның белгілері күшеюі мүмкін. Есекжем, тыныстың тарылуы, сырыл, мұрынның бітелуі – оның барлығы кешке жақын пайда болады. Өйткені кешке жақын паразиттер оянады. Сосын тәтті жеген сайын белгі береді. Және кейбір балалар мен ересектер сөйлеген кезде тамағында шырыш жиналады. Тәтті жеген сайын тамақтары жыбырлайды. Адам жөтелген кезде лоқсиды, - дейді дәрігер.

Айта кетейік, Қазақстандағы маусымдық аллергия 5 жыл ішінде он есе артқан.