МАЙАМИ. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакинаның Майами WTA 1000 турнирінің финалындағы қарсыласы анықталды.
Қазақстандық теннисші соңғы бәсекеде әлемнің 53-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен сынға түседі.
Д.Коллинз жартылай финалда әлемнің 16-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александрованы жолдан тайдырды – 6:3, 6:2. Коллинз 1 сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында 12 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланып, 4 эйс жасады. Александрова 1 эйс, 1 брейктен (4 брейк-пойнт) аса алмады.
Осылайша, 30 наурыз күні Е.Рыбакина Д.Коллинзбен кортқа шығады. Бұл олардың өзара бесінші кездесуі болмақ. Әзірге есеп – 3:1, Елена алда.
Елена Рыбакина ресейлік Мария Шараповадан кейін Майами жарысында екінші жыл қатарынан финалға шыққан ең жас ойыншы атанды.
М.Шарапова 2005 және 2006 жылдары 18 жасында екі рет финалға шыққан еді.
Е.Рыбакина мұндай нәтижеге 24 жасында қол жеткізіп отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами екінші жыл қатарынан Майами турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).