Мажарстанда Құтлұқ қаған кешеніне арналған көрме ашылды

БУДАПЕШ. ҚазАқпарат - Будапештте Алтай аймағынан табылған түркі жауынгерінің бас сүйектері және көне жазулар қойылған көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мажар-Тұран қорына сілтеме жасап.

Жалпы көрме халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп жүргізген Архангай аймағы, Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедициясы жұмыстарының нәтижесіне байланысты.

Көрменің ашылуына Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Моңғолия елшілері, Мажарстанның танымал түрколог ғалымдары мен министрлер, Парламент мүшелері қатысты.


Шараның ашылу салатанатында Мажарстанның Жаратылыстану тарихы мұражайының бас директоры, антрополог Жолт Бернерт қатысушыларды көрменің ашылуымен құттықтап, Түркі академиясының ұжымына алғысын білдірді. Көрмеде Мажарстанның Сыртқы істер және сауда министрлігі мемлекеттік хатшысының орынбасары Миклош Лендель сөз сөйлеп, Мажарстан мен түркі әлемінің ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанына, ортақ тамырымызды зерттеудегі бірлескен жобалардың маңызына тоқталды.

Халықаралық Түрік академиясының президенті Шахин Мұстафаев жиналғандарды құттықтап, мажар және түркі халықтарының ортақ тарихи тамырын, сондай-ақ мажар мамандарымен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.


Осы көрменің өтуіне ұйытқы болып отырған Мажарстанның Жаратылыстану тарихы мұражайы - ірі ғылыми-зерттеу орталық қана емес, түркі халықтарының ғылыми ынтымақтастығын арттыруда бірнеше жобаны жүзеге асырып отырған ғылыми институт. Мұражай мамандары соңғы жылдары Еуразия даласында антропологиялық және генетикалық зерттеу бойынша көптеген бірлескен жобаларды жүзеге асырды.

Антрополог ғалым Андраш Бироның айтуынша, мажар халқының шығу тегі мен тамыры алыс Шығыс аймақтардан, бүкіл Орталық Азиядан бастау алады. Сол сияқты мажарлардың ерекше мәдениетінің көне элементтерінің бірі – түркі халықтарының көне жазуына ұқсас руна таңбалары.

Сарапшылардың пікірінше, Карпат ойпатынан табылған руналарының көпшілігі (мысалы, хазар), сондай-ақ авар және жаулап алу дәуіріндегі жазу жүйелері көне түркі руналарынан қалыптасқан. Карпат ойпатында аварлардан бастап ортағасырларға дейін табылған руникалық мәтіндердің бірнеше нұсқасы бар. Руникалық жүйенің шығу тегі ортақ болғандықтан, бұл жаңалық мажар тарихы үшін де өте маңызды. Руна жазу жүйесі туралы естеліктер мажар мен түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасы болып табылады.

Шара барысында екі баяндама тыңдалды. Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының жетекшісі, археолог Алтангэрэл Энхтөр, Номгон аймағынан табылған мемориалдық ескерткіш кешенін қазу барысы мен зерттеу жұмыстарының нәтижелерін түсіндіріп, қайта ескерткішті қалпына келтіру мүмкіндіктеріне тоқталды.

Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері, түрколог Нәпіл Базылхан бұл жаңалықты әлем түркологиясы үшін ерекше және мәнді ететін басты мәселе – қазба аймағынан табылған жазулар екенін атап өтті.

«Жазба бөлігінің маңыздылығы, бұл өлкеде жүргізілген зерттеулерде табылған алғашқы жазу болып табылады» - дейді ғалым.

Жазудың жоғарғы бөлігінде екі қасқыр мен лотос гүлі бейнеленген. Жазбада үш түрлі тілге жататын мәтін үзінділері бар екені анықталды: көне түрік, соғды және брахми. Жазудың негізі деп ұғынылатын тасбақа тұғыры да - табылғандардың қатарында.

Көрмеге сондай-ақ Карпат ойпатынан табылған руна жазулары бар ескерткіштердің түпнұсқалары, Алтай аймағынан табылған түркі жауынгерінің бас сүйегі және жаулап алу дәуіріне жататын жауынгер бас сүйегі, сондай-ақ олардың негізінде жасалған антропологиялық бет-әлпет реконструкциялары қойылды. Көрме Будапешт қаласында Мажарстанның Жаратылыстану ғылымдары мұражайында бір айға дейін жалғасады.

Айта кетсек, осы жылдың тамызында Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп жүргізген Архангай аймағы, Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедициясы жұмыстарының нәтижесінде Елтеріс қағанға арналған кешен табылған болатын. Академия Номғон ғылыми экспедициясының нәтижелеріне арналған ғылыми жинақ әзірлеп, түркі мемлкеттерінің астаналарында таныстырып келеді.

Еске салсақ, бұған дейін Түрік қағандығын қайта дәуірлеткен ұлы Құтлық Елтеріс қағанның кешені табылғаны хабарланған болатын.