АСТАНА. KAZINFORM — Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде әйелдер күресінен әлем чемпионатының төрт дүркін жүлдегері Эльмира Сыздықова (76 келі) қола жүлдегер атанды.
Бұл — ел құрамасы қоржынына түскен төртінші медаль. Қазірге дейін әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова (72 келі) күміс алса, Нилуфар Раимова (57 келі) мен еркін күрестен Асылжан Есенгелді (61 келі) қола жүлдегер атанған еді.
Эльмира Сыздықова 1992 жылы дүниеге келген. 2016 жылы Олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанды. Азия чемпионатында екі мәрте жеңіс тұғырынан көрінсе, екі мәрте күміс, төрт мәрте қола алды. Сондай-ақ 2018 жылы Азия ойындарында үздік үштікті түйіндеді.
Рейтингтік турнир бүгін мәресіне жетеді. Онда еркін, әйелдер және грек-рим күресінен жүлделер сарапқа салынып жатыр.
Айта кетсек, аталған жарысқа 14 елден 99 спортшы жиналды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.