Мәжіліс депутаттары металл балқыту цехында болды - Ақтөбе облысы

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын жұмысшыларға түсіндіру мақсатында Мәжіліс депутаттары Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 цехына барды. Заманауи үлгідегі жаңа цех жұмысымен танысқан депутаттар металл балқыту процесін тамашалап, Антон Платонов балқытушылардың арнайы киімін киіп көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуі мен Жолдауын халыққа түсіндіру мақсатында Ақтөбеге келген депутаттар аудан, ауылды аралап, бүгін өндіріс орнының жұмысымен танысты. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №4 цехы 2014 жылы Елбасының қатысуымен іске қосылған болатын. Әлемде теңдесі жоқ өндіріс орнында жұмыс тұрақты жүріп тұр. Мәжіліс депутаттары Аманжан Жамалов, Сапархан Омаров, Глеб Щегелский, Антон Платонов пен Дания Еспаева барлау, пайдалы қазбаларды өндіру, байыту сатысынан тұратын кешендегі жұмыспен танысты.

«Жаңа цех іске қосылғанда өнім өндіру көлемі артып, кеннің өзіндік құны төмендеді. Ескі зауытта 7 пеш жұмыс істеп, 300 мың тонна дайын өнім шығарылса, жаңа өндіріс орнындағы 4 пеште 440 мың тонна өнім алынды. Өткен жылы жаңа цехта 100 мың тонна хром өндірілсе, биыл екі есе арттырып, 300 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз»,- «ҚазХром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Мұрат Мукашев.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында өндіріс орындарына инновациялық технологияны енгізу тапсырмасын жүктеген болатын. Ақтөбедегі ферроқорытпа цехы бұл міндетті орындап, әлемде теңдесі жоқ әдіспен жұмыс істеп жатыр.
 

«Қаржының тиімді жоспарланып, жұмсалғаны көрініп тұр. Зауытта мыңдаған адам жұмыс істейді, бастысы заманауи технологиямен қамтамасыз етілген. Шетелдік мамандар жергілікті жұмысшыларды оқытып, дәріс береді. Таяу уақытта жұмысшыларымыз бар жүкті өз міндеттеріне алады. Қазір басты бәсекелесіміз Оңтүстік Африка елі. Ал хром кенінің қоры жағынан әлем бойынша Қазақстан бірінші орында тұр. Бұл зауыт болашағының зор екенін көрсетеді»,- деді Мәжіліс депутаты Антон Платонов.

Мәжіліс депутаттары өндіріс орнымен танысып, жұмысшылармен кездескен соң зауыттағы жаңа технология Елбасы Жолдауындағы барлық тапсырманың күні бұрын орындалуына мүмкіндік бергенін айтты. 
 

«Елбасы Жолдау жұмысшы жастардың көңілінен шықты. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 15 жылда 1,5 миллион отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету тапсырмасын жүктеді. Бұл үйсіз жүрген жастардың баспаналы болуына септігін тигізетін басымдық. Сонымен қатар, тегін техникалық-кәсіптік білім беру елдегі жұмыссыздық санын азайтып, кәсіби мамандардың қатарын арттыруға мүмкіндік береді»,- деді Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы №1балқыту цехының балқытушысы Ғанибек Есенжолов.