Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл жаңа құрамда өткізіліп отырған кеңейтілген алғашқы отырысы. Ең алдымен, Көліктегі ІІД бастығы, полиция полковнигі Берік Бисенқұлов Қоғамдық кеңестің жаңа мүшелерін таныстырды. Бұдан соң, Қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы болып ҚР Паламенті Мәжілісінің депутаты Серік Оспанов сайланды.
Полиция полковнигі Берік Бисенқұлов: «Қоғамдық кеңес құрылғаннан бергі уақытта өзінің тиімділігін дәлелдеді. Ең бастысы, полицейлер мен азаматтар арасындағы байланысты нығайтатуға үлес қосты», - деп атап өтті. Сондай-ақ, Берік Байболұлы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы басты міндеттерге, Елбасының ішкі істер органдары саласы қызметкерлерінің алдына қойған тапсырмаларының орындалу барысына тоқталды.
Өз кезегінде Кеңес төрағасы Серік Оспанов Қоғамдық кеңес полицейлер мен азаматтардың өзара қарым-қатынасын нығайту бағытында жұмыс жасауы қажеттігін айтты. «Әсіресе, нормативтік-құқықтық актілер жобаларын талқылауда кеңес мүшелерінің құзыретін барынша кеңейту керек», - деді халық қалаулысы.
Бұдан соң, департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жанатбек Ешімов баяндама жасады. Ол темір жол және әуекөлігі нысандарындағы қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда атқарылып жатқан шараларды баяндады. Оның айтуынша, осы нысандарда азаматтар өздерін қауіпсіз сезінулері тиіс. Сондай-ақ, Ж. Ешімов аталмыш нысандарға қатысты бірқатар проблемалық мәселелерге де жан-жақты тоқталды.
Еліміздің темір жол вокзалдары мен әуежайларында арнайы және құқық қорғау органдары жүргізген тәжірибелер азаматтарды лаңкестік әрекеттерден қорғау шараларын әлі де болса күшейту қажеттігін дәледеп отыр. Мәселен, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды қалаларындағы әуежайларда орнатылған бейне-бақылау камералары тиісті талаптарға сай орналастырылған. Алайда, Балқаш, Петропавл, Семей, Көкшетау қалаларындағы әуежайлар бейне-бақылау жүйелерімен толықтай жабдықталмаған. Олардың қауіп төндіретін аумақтарды шолу мүмкіндігі әлсіз. Баяндамада жаңадан салынып жатқан темір жол аумақтарында көлік полицейлерін орналастыру мәселелерін шешу ісі өзекті болып отырғандығы айтылды. Мұндай аумақтарда желілік полиция бөліністерінің қызметкерлері үшін арнайы қызметтік бөлмелер қарастырылмаған.
Айталық, жүктерді сақтауды қамтамасыз ету, жеке мүліктерді ұрлаудың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қорғау мақсатында Алтынкөл стансасында құрамында 25 қызметкер бар желілік полиция бөлімі құрылды. Өкінішке орай, Алтынкөл стансасындағы темір жол вокзалындағы желілік полиция бөліміне көлемі 12 шаршы метр ғана болатын бөлме берілген. Бұл орын қызметкерлерді орналастыруға жеткіліксіз.
Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында құрылысы жүргізіліп жатқан «Өзен-Болашақ, Жезқазған-Сексеуіл-Шалқар-Бейнеу» темір жол бойындағы стансаларға көліктегі ішкі істер органдарының жұмысын ұйымдастыру үшін қызметтік орын мен полицейлерге баспана беру мәселесін де қарастыру қажет.
Басқосу барысында Серік Жәмекұлы кездесуге қатысушыларды Қоғамдық кеңестің 2014 жылдың ІІ-ші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарымен таныстырды.
Отырыста қоғамдық тәртіпті күшейту, тәртіп пен заңдылықты нығайту, жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау мәселелері талқыланды.
Жиын қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес өкілдері департамент қызметіне қатысты шешімдер мен ұсыныстар қабылдады.
Айта кетейік, Көліктегі ІІД жанындағы Қоғамдық кеңес 2012 жылдың 13 желтоқсанында құрылған. Оның құрамында белгілі қоғам қайраткерлері мен журналистер бар.
Қоғамдық кеңес қызметінің мақсаттары қоғамдық тәртіпті қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, Көліктегі ІІД-нің үкіметтік емес ұйымдармен және халықпен өзара қарым-қатынасын одан әрі жетілдіру, құқық қорғау қызметі саласында қоғамдық қатынастарды демократияландыруу болып табылады.