«Түзетулерді 3 негізгі бағытқа бөлуге болады. Біріншіден, заң жобасында Президенттің жергілікті атқарушы органдарға, Жоғары Сот Кеңесіне қатысты өкілеттіктерін қысқартуға, Парламентті қалыптастыру тәртібін қайта қарауға және Президент, сондай-ақ оның жақын туыстары қызметінде болған кезеңде шектеулер енгізуге қатысты ережелер қамтылған. Екіншіден, Парламентті қалыптастыру тәртібі мен оның бірқатар функциясы бөлігінде Конституцияға енгізілген өзгерістерге байланысты Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы Конституциялық заңнамаға, оның ішінде заң шығару процесінің жаңа ережелерін айқындауға бағытталған тиісті түзетулер енгізу қажет», - деді Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.
Оның айтуынша, аралас сайлау жүйесіне көшуге байланысты сайлау заңнамасында аралас сайлау жүйесін қалыптастыруға бағытталған ережелерді қарастыру ескерілген.
«Бұдан басқа, заң жобасында әкімдерді сайлау институтын облыстық маңызы бар қалалар мен аудандарға кезең-кезеңімен тарату бөлігіндегі нормалар қамтылған. Құжатта Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата деп қайта атауға байланысты, сондай-ақ Конституциялық Соттың құрылуына байланысты түзетулер бар. Заң жобасының белгіленген бағыттарын іске асыру конституциялық заңнаманы жүргізіліп жатқан саяси реформалармен сәйкестендіруді қамтамасыз етеді деп пайымдаймыз», - деді вице-министр.
Сонымен қатар бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да таныстырылды.
Президенттің жергілікті атқарушы органдарға қатысты жекелеген өкілеттіктерін тарату екерілген. Атап айтқанда, Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, Президенттің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің актілерінің күшін жою немесе оларды тоқтата тұру, сондай-ақ аудан, облыстық маңызы бар қала, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін қызметінен алып тастау жөніндегі өкілеттіктері алынып тасталды.
«Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерін тағайындау Мемлекет басшысының баламалы негізде мәслихаттардың қарауына кемінде екі кандидатура ұсынуы арқылы жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, жергілікті деңгейде әкімдерді сайлау институты кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Былтыр ауылдар мен кенттер әкімдерін сайлау өткізілді. Ал 2023 жылдан бастап қанатқақты режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау өткізілетін болады», - деді А. Мұқанова.
Бұдан бөлек, саяси партияларды тіркеу рәсімдері жеңілдейді. Осы орайда саяси партияларды тіркеудің межесі 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін төмендету, саяси партия құру үшін бастамашы топ мүшелеріне қатысты талаптарды 1 мыңнан 700 адамға дейін қысқарту ескерілген.
Еске сала кетейік, биыл наурыз айында Мемлекет басшысы Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынды.