Мәжілістің жұмыс тобы ішкі істер органдары туралы заң жобасын талқылады

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» жаңа редакциядағы заң жобасы жұмыс тобы аясында талқыланды. Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров жетекшілік ететін жұмыс тобының аясында депутаттар сауалына Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлік Кененбаев жауап берді.

Еске салсақ, ішкі істер органдарының қызметіне қатысты қолданыстағы заң осыдан 17 жыл бұрын қабылданған болатын. Соған орай, ұсынылған жаңа заң жобасы 9 тарау мен 32 баптан тұрады. Жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, заң жобасын әзірлеу барысында Мемлекет басшысының «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты 2010 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттер қамтылған. «Сонымен қатар, қалыптасқан Қазақстан Республикасын жаңғыртудың қағидаттары мен тәсілдері, құқық қорғау саласында жүзеге асырылып жатқан қайта ұйымдастырулар, ғылым жетістіктері, полиция институттарының жұмыс істеуінің отандық және шетелдік тәжірибелері ескерілген»,- деді депутат Н. Әбдіров.

Жалпы, заң жобасында тұңғыш рет iшкi iстер қызметкерлерiнiң iс жүзiнде атқаратын жұмысы енгiзiлiп отыр. Атап айтқанда iшкi iстер органдарының мiндеттерiн өзгертiп, азаматтарды қорғау, оның өмiрi, құқығы мен бостандығы, сонымен қатар қоғам мен мемлекеттiң заңды мүдделерiн қорғау мәселесi бiрiншi орынға шығып отыр. Қолданыстағы заңда мұндай мiндет көрсетiлмеген.

Заң жобасының түсіндірме жазбасына қарағанда, ішкі істер органдары қызметкерлерінің қаруды ескертусіз қолдану құқығы егер олардың өміріне тікелей қауіп төнген жағдайларда қарастырылады. Жобадағы жаңа нормаларға сәйкес, бұндай жағдайда ішкі істер қызметкерлеріне атыс қаруымен қоса газ қаруын, электрлік қаруды, суық қаруды, темір және лақтыратын қаруды қолдануға құқық берілуі мүмкін. Бұдан бөлек, заң жобасына сәйкес, Қазақстанда травматикалық қару түрлері 2014-2016 жылдары айналыстан алынатындығы көрсетілген. Құжатта сондай-ақ, құқық қорғау органдарының қару сатып алу құқығы бекітіледі, қажет болған жағдайда қарудың басқа да түрлерін пайдалану құқығы беріледі. Сонымен қатар, мұнайгаз және атом саласында жұмыс істейтін ұлттық компаниялардың күзет мекемелеріне ұзын ұңғылы немесе қысқа ұңғылы қару сатып алуға және пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл бағыттағы арнайы нормалар «Күзет қызметі туралы» заңына өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылатын болады.