Мәжіліс банк қызметі туралы заң жобасын мақұлдады

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасының мақсаттары мен міндеттері мыналар:

- банк қызметін реттеу мен қадағалауды жетілдіру арқылы банк жүйесінің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз ету;

- ашықтықты арттыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау стандарттарын сақтау және қаржылық дағдарыстардың алдын алу арқылы азаматтардың банк жүйесіне деген сенімін нығайту;

- қолайлы жағдайлар жасау және банк қызметтерінің сапасын арттыру үшін қаржы нарығында адал бәсекелестік пен инновацияларды дамытуды ынталандыру.

Заң жобасының тұжырымдамалық негіздері: 

- Қазақстандағы банк қызметін мемлекеттік реттеудің мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын белгілеуді;

- банктерді ашу және лицензиялау тәртібіне қойылатын талаптарды кеңейтуді;

- банк қызметіне қойылатын талаптарды, банктерге рұқсат етілетін инвестициялық және өзге де қызметті белгілеуді, сондай-ақ еншілес ұйымдарды реттеуді жетілдіруді;

- банктерді корпоративтік басқару қағидаттарын айқындауды; - исламдық банк қызметін кеңейтуді;

- банк қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қойылатын талаптарды жетілдіруді; 

- қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіру және төлемге қабілетсіз банкті реттеу тетіктерін дамытуды қамтиды.

- Ұсынылған өзгерістер банк жүйесінің қаржылық орнықтылығын арттыруға, ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге, бәсекелестікті дамытуға және қаржы секторындағы инновацияларды ынталандыруға ықпал ететін болады, - деді құжаттарды таныстырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Оның атап өтуінше, заң жобасы аясында әмбебап банктерге исламдық банк операцияларын жүзеге асыру, банктерге цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және телекоммуникация салаларында еншілес компанияларды құру және сатып алу құқықтарын беру, төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа тетігі енгізу көзделген.