Мәжіліс бүгін бірқатар халықаралық келісімді қарастырады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Түрікменстан және Қырғыз елімен арадағы келісімдерді ратификациялауға қатысты заң жобалары қаралып, бірқатар жаңа халықаралық келісім жұмысқа қабылданады.
Айта кетерлігі, 16 мамырда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, онда бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған еді.
Сонымен, жалпы отырыста депутаттар ратификациялауға қатысты бірнеше заң жобасын қарастырады. Олардың қатарында – Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісім, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шарт бар.
Түрікменстанмен жасалған келісім инвестициялық қызмет үшін қолайлы жағдай жасауға, тікелей шетелдік инвестициялардың ағынын ынталандыруға және екі елдің экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Негізгі баяндамашы - Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров.
Ал Қырғыз Республикасымен жасалған шарт ынтымақтастықтың саяси, экономикалық, көлік, су-энергетика секторы және ауыл шаруашылығы сияқты кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Ерекше назар азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне аударылған, оның ішінде бірлескен кәсіпорындар құру арқылы бұл бағыттағы ынтымақтастықты күшейту көзделген. Құжат сондай-ақ бауырлас халықтардың рухани және мәдени жақындығын нығайтуға екі мемлекеттің ұмтылысын растайды. Бұл заң жобасы бойынша Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин баяндама жасайды.
Сонымен қатар күн тәртібі жобасына инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда қарау енгізілген. Құжатта бірыңғай инновациялық кластер құру және оның қатысушыларына көрсетілетін қолдау шараларын кеңейту көзделген. Мұнан бөлек, Мәжіліс бірқатар жаңа халықаралық келісімді жұмысқа қабылдайды.
Талқыланған заң жобалары бойынша негізгі баяндама жасаған тұлғалар БАҚ өкілдерінің алдына шығып сауалдарына жауап береді. Ал депутаттар өзекті мәселелер бойынша Үкімет мүшелерінің атына сауалдар жолдауы мүмкін.
Айта кетейік, өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Жасанды интеллект туралы» негізгі заң мен екі ілеспе заңның жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Негізгі заң жобасы 7 тараудан және 28 баптан тұрады. Құжатта мынадай жаңшылдықтар бар:
- жасанды интеллект саласындағы реттеудің, ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін бекітеді;
- мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың жасанды интеллект технологияларын пайдалану ерекшеліктерін айқындайды;
- Үкіметтің жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы құзыреті кеңейтіледі;
- жасанды интеллект саласындағы қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланады.
Ал ілеспе заңдардың бірі қолданыстағы заңнаманы осы Жасанды интеллект туралы негізгі заңмен сәйкестендіруге арналған. Тағы бір ілеспе заң жобасы Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекске жасанды интеллект мәселелері бойынша түзетулер мен өзгерістер енгізуді көздейді.
Аталған заң жобаларын талқылау барысында депутаттар «Жасанды интеллектіге негізделген алгоритм арқылы жасалған туындының авторы кім болады?» және «Алгоритм арқылы тапсырма беріп, оны жасатқан адам ба, әлде алгоритм иесі ме?» деген мәселелерге алаңдаушылық білдірді.
Нақтырақ айтқанда, Депутат Ерлан Стамбеков бұл мәселеге қазір бүкіл әлем бас қатырып отырғанын айта келіп, Қазақстан қай нұсқаны таңдайтынын сұрады. Ал баяндамашы депутат Екатерина Смышляева заң жобасын әзірлеушілердің бұл мәселедегі ұстанымы әлі толықтай қалыптасып үлгермегенін айтты.
— Жасанды интеллект арқылы арнайы алгоритм көмегімен жасалған туындының авторы алгоритмге иелік етуші тұлға болады. Бұл жағдайда алгоритм иесі туындының авторы кім екенін айқындауға хақылы. Егер адам туындыны қандай бір чаттың моделі арқылы жасауға бүкіл жан-тәнін салған болса, әлемде соны дәлелдеу керек дейтін талап бар. Яғни, адамның туындыны жасаудағы үлесін өлшеу тәсілі қолданылады. Адамның үлесі 50 пайыздан асса, сол адам туынды авторы болып есептеледі. Бірақ бұл ұстанымды әкімшілендіру өте күрделі болатын түрі бар. Сондықтан әзірге авторды айқындау құқығын алгоритм иесіне қалдырып отырмыз. Ал туындыны әзірлеуші мен алгоритм иесінің арасындағы қатынастар азаматтық қатынасқа жатады, — деді Мәжіліс депутаты.
Ал депутат Анас Баққожаев жасанды интеллектіні мектепте және жоғары білім саласында пайдалану кезінде бақылауды күшейтуді сұрады.
- Мен жасанды интеллектіге қарсы емеспін. Дегенмен, бұған дейін адамзатқа рухани жағынан келуі мүмкін қауіп-қатер туралы айтқан едім. Мысалы, мұғалім үй тапсырмасын жасау үшін жасанды интеллектіні пайдаланып, сұрақтарын дайындап қойды делік. Үйіне келген оқушылар да ол тапсырмаға жасанды интеллекті арқылы жауабын шығарып алады. Магистратураға түскен жастар да дәл солай әрекет етеді. Сонда біз кім болдық?! Қазір балалар мен жастардың сөздік қоры нашарлаған. Рухани жағын, білім мен ғылымды қалай қорғаймыз? Аталған заң жобасында ондай нормаларды көрмедім. Мектептер мен жоғары білім саласында осы бағыттағы бақылауды неге күшейтпейміз?! Жасанды интеллектіні қосымша құрал ретінде қолдануға болады, бірақ оны пайдалану мәдениетін қалыптастыру керек, - деді А. Баққожаев.
Сондай-ақ депутаттар «2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңды, Мемлекеттік материалдық резервті орталықсыздандыруға арналған Заңды қабылданды.
Жалпы отырыс аяқталғаннан кейін депутаттар Үкімет мүшелерінің атына сауалдарын жолдады. Мәселен, Асхат Аймағамбетов жасанды интеллект мәселесіне назар аударта келе:
- ЖИ-ді білім мен ғылымда қолдану саясатын әзірлеу
- мектеп бағдарламасына, университеттерге ЖИ енгізу бойынша жол картасын әзірлеу
- оқу бағдарламаларына Жасанды интеллект модульдерін енгізу
- этика, сыни ойлау және ақпараттық гигиена сабақтарына көңіл бөлу
- мұғалімдерді арнайы даярлықтан өткізу сынды жайттарға тоқталды.
Ал Қарақат Әбден жол инфрақұрылымын сақтау, бақылауды күшейту, жауапкершілікті арттыру және жазаның бұлтартпауын қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл» партиясы фракциясы атынан шаралар кешенін жария етті.
Жұлдыз Сүлейменова техникалық қызметкерлердің жалақысын арттыруға арналған бірыңғай әдістеме әзірлеуді ұсынып, оларды ағымдағы жөндеу жұмыстарына заңсыз тартуды тоқтатуды талап етті. Сонымен қатар ол хлор және басқа да зиянды заттармен жұмыс істейтін техникалық қызметкерлерге қосымша өтемақы қарастыру және олардың еңбек жағдайын жақсарту тетігін әзірлеуді ұсынды.