Мәжіліс Қазақстан мен Түркия арасында әскери мүліктің транзитіне қатысты құжатты қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісі «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды қабылдады. 

Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

Келісімге 2024 жылғы 11 қыркүйекте қол қойылды.

— Келісімге екі мемлекеттің әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзиті үшін құқықтық негіз жасау және шарттарды реттеу мақсатында қол қойылды. Транзит екі мемлекеттің уәкілетті органдары беретін бір жылдық немесе бір реттік рұқсат негізінде жүргізіледі. Бұл тұрғыда әскери әуе кемелеріне арналған бір жылдық дипломатиялық рұқсат, сондай-ақ бір жылдық рұқсаттарға енгізілмеген әуе кемелерінің ұшуына арналған біржолғы рұқсат ескерілген. Рұқсаттарға сұрау салулар белгіленген мерзімдерде дипломатиялық арналар арқылы беріледі. Бұл ретте, әрбір мемлекет транзитке кез келген рұқсат беру туралы сұрау салудан бас тарту, сондай-ақ егер Тараптардың бірі әскери мүлік пен персоналдың сұралатын транзиті осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейді немесе ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп есептесе, берілген рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұру немесе қайтарып алу құқығын өзіне қалдырады, — деді Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков.

Оның айтуынша, келісімді ратификациялау әуе кемелеріне екі мемлекеттің әуе кеңістігін пайдалануға мүмкіндік береді, Қазақстан Республикасының мүддесіне сәйкес келеді және республикалық бюджеттен қосымша қаржы шығынын қажет етпейді.

Еске салсақ, 2024 жылы екі елдің әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналды транзиттеу жөніндегі Түркиямен келісімге қол қою туралы Қазақстан Үкіметінің 2024 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысы қабылданды.