Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған депутаты Ажар Сағандықованың айтуынша, заң жобасында ішкі көміртек нарығын дамытуға бағытталған түзетулер қарастырылған. Атап айтқанда, тауар биржасы арқылы квоталарды бөлудің аукциондық тетігін енгізу жоспарлануда, бұл нарықтық баға қалыптастыруды және жүйенің ашықтығын арттыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ көміртек бірліктеріне сұраныс пен ұсыныс арасындағы ықтимал теңгерімсіздіктерді реттеуге мүмкіндік беретін тұрақтандыру резервін құру көзделеді.
— Сонымен қатар, халықаралық көміртекті реттеудің артып келе жатқан рөлін ескере отырып, Париж келісімінің 6-бабының нормаларын имплементациялау бойынша түзетулер ұсынылады. Жаңа заң нормалары гидрометеорология саласындағы ғылыми қызметті дамытуға мүмкіндік береді. Оның ішінде қолданбалы міндеттерді шешу: экономиканың түрлі салалары үшін заманауи технологияларды дамыту, болжамдық модельдерді бейімдеу, ғылыми зерттеулер жүргізу және басқа да өзекті міндеттер. Гидрометеорологияны дамыту — бұл ұлттық қауіпсіздік, экономика және халықты қорғау мәселесі. Автоматтандырылған жүйелерді енгізу және климаттық саясатты дамыту елге климат өзгерістеріне тиімді бейімделуге мүмкіндік береді, бұл қауіпсіздік пен экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді, — деді ол.
Депутат тұрақты органикалық ластаушыларды және иесіз қауіпті қалдықтарды жоюды қаржыландыру бойынша қажетті құзыреттер беру жолымен «Жасыл даму» АҚ қызметін реттеу ұсынылатынын атап өтті.
— Заң жобасында жекелеген кезеңдерді оңтайландыру арқылы инвестициялық жобалар және көмірсутектерді барлау жөнінде жобалар үшін рәсімдерді жеңілдету көзделген. Бұл өзгерістер теңіздегі көмірсутектерді барлауға қолданылмайды, мұнда қатаң экологиялық режим сақталады. Заң жобасын қабылдау экологиялық реттеудің тиімділігін арттыруға, тәуекелге бағдарланған бақылауды енгізуге, бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға, құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жоюға, қоршаған ортаны қорғауды күшейтуге және Қазақстан Республикасының инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді, - деді Ажар Сағандықова.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі талқыланды.