Мәжіліс тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауды көздейтін заңды мақұлдады

Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері көзделген заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

- Бұл заң жобасы жай ғана техникалық түзетулер емес. Бұл – археологияны жаңа деңгейге шығаратын, тарихи мұрамызды қорғаудың жүйелі реформасы, - деді заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Заң жобасы археология саласындағы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Оның негізгі ережелері археологиялық жұмыстарды лицензиялау жүйесін өзгертуді, сондай-ақ археология ескерткіштері мен объектілері туралы деректерді жүйелеуді көздейді. Сондай-ақ, археологиялық жұмыстар барысында анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері туралы барлық мәліметтерді жинақтау мақсатында заң жобасында «Археологиялық жұмыстар жөніндегі бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйені» құру жөніндегі нормалар бекітілген.

Мұнан бөлек, археологиялық жұмыстарды және археологиялық жұмыстарды жүзеге асыратын тұлғаларды ғылыми-консультациялық, ақпараттық-талдамалық қолдауды үйлестіру үшін заң жобасы Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтын үйлестіретін «Ұлттық археологиялық қызметтің» құзыреттерін айқындауды ұсынады.

Заң жобасымен жұмыс барысында белгілі бір мерзімге ғылыми-реставрациялық жұмыстары мен археологиялық жұмыстарға лицензия беруге қойылатын талаптар қайта қаралған.